Қазақстан халықаралық автомобиль жүк тасымалының бірыңғай ережелеріне қосылады
Құжат халықаралық автомобиль жүк тасымалы саласындағы ортақ талаптарды қалыптастыруға бағытталған, деп жазады Kursiv.Media.
1956 жылғы 19 мамырда Женевада қабылданған конвенция халықаралық автомобиль тасымалы шарттарын жасасу, орындау және бұзу тәртібін реттейді.
Сондай-ақ тасымалдаушының шарт талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігін белгілейді.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров қазіргі уақытта конвенцияға 58 мемлекет қосылғанын айтты. Олардың қатарында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің барлығы бар.
«Қазақстанның конвенцияға қосылуы отандық және шетелдік тасымалдаушылар үшін ортақ жұмыс тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тасымалдаушылардың жауапкершілігі, талап қою және хабарлама жіберу мерзімдері, халықаралық жүк тасымалы шарттарын рәсімдеу тәртібі біріздендіріледі», – деді Қалиақпаров.
Құжатты ратификациялау Қазақстанның конвенцияға қатысушы мемлекеттермен экономикалық байланысын нығайтып, халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Құрылтай «Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026