Тоқаев жаңа мемлекеттік наградалар туралы заңға қол қойды
Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 11 қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңға қол қойды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Заңға сәйкес, елімізде «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізілді. Сондай-ақ мемлекеттік ордендер мен құрметті атақтарды беру тәртібі нақтыланды.
Жаңа заң бойынша «Шәмші Қалдаяқов» медалі композиторларға, дирижерлерге, ән авторларына, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушыларына табысталады.
Сонымен қатар музыка және ән өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер де осы медальмен марапаттала алады.
Бұдан бөлек, «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атты жаңа құрметті атақ белгіленді. Ол суретшілерге, мүсіншілерге, кескіндемешілерге, графика суретшілеріне, зергерлерге, дизайнерлерге, реставраторларға және сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне беріледі.
Бұл атаққа монументалды және бейнелеу өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан, бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталған азаматтар да үміткер бола алады.
Заңда «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерімен марапаттау талаптары да айқындалды. «Al-Farabi» ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан азаматтары мен шетелдіктерге беріледі.
Ал «Qoja Ahmet Yasaui» орденімен ағартушылық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салалардың дамуына елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері марапатталады.
Аталған ордендермен марапатталған азаматтардың есімдері Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енгізіледі.
Құжатта «Алтын Қыран» ордені Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі екені нақтыланған.
Ал «Халық қаһарманы» атағы Қазақстан алдындағы аса көрнекті еңбегі, елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы жауынгерлік ерлігі үшін беріледі.
Бұл атаққа ие болған азаматтарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырылады.
Заңның жаңа редакциясында Қазақстанның Тұңғыш президенті өз мәртебесіне сәйкес «Халық қаһарманы» атағына, Алтын жұлдыз бен «Отан» орденіне ие екені туралы норма да сақталған.
Заңда «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның халық жазушысы» атақтарын беру талаптары нақтыланды.
«Қазақстанның халық әртісі» атағы театр, цирк, музыка және кино өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан, бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған азаматтарға беріледі.
Ал «Қазақстанның халық жазушысы» атағы әдебиет саласына ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанған немесе әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған тұлғаларға табысталады.
Сонымен қатар заңда «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған педагогтерге және «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атанған медицина қызметкерлеріне заңнамада белгіленген мөлшерде біржолғы төлем берілетіні көрсетілген.
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағына ие азаматтардың арнайы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы да қарастырылған.
Көпбалалы аналарға берілетін «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары өзгеріссіз сақталды.
Заң қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026