Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Пара алған, бюджет қаржысын жымқырған: соңғы жылдары сотталған шенеуніктер

kz.kursiv.media

Пара алған, бюджет қаржысын жымқырған: соңғы жылдары сотталған шенеуніктер

2020 жылдан бергі танымал істерде вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, бұрынғы облыс әкімі, қала әкімі және ірі мемлекеттік компаниялардың басшылары бар. Осы уақыт аралығында жемқорлық үшін 10 мыңнан астам адам ұсталған. Олардың басым бөлігі 3,5 жылдан 12 жылға дейін сотталды. Kursiv.Media тілшісі соңғы 6 жылдағы пара алып, мемлекет ақшасын жымқырған шенеуніктерді топшылады.

Нұрлан Таубаев

Атырау облысы әкімінің құрылыс саласын басқарған бірінші орынбасары 2020 жылғы 10 қыркүйекте ұсталды. Сот анықтауынша, ол Құлсарыдағы жұқпалы аурулар модульдік ауруханасының құрылысын жүргізген мердігерден шарт сомасының 10 пайызын, кейін 7 пайызын (185,5 млн теңге) талап еткен және ақшаны алуға құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровты жіберген. Басаров ақша алу кезінде ұсталған. Тергеу 182 млн теңге пара туралы айтады. Таубаев өзі бұл қаражатты желдеткіш аппараттарын сатып алуға жұмсамақ болғанын мәлімдеген. Сот оны бопсалау мен пара алуға оқталу бойынша 10 жылға, Басаровты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін сот Таубаевтің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Бақытгүл Хаменова

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын Антикор 2021 жылғы желтоқсанда Атырауда Абай ескерткішін жасау мен орнату жөніндегі 145 млн теңгелік мемлекеттік сатып алу шартына қатысты 4,5 млн теңге пара алды деген күдікпен ұстады. Тергеу бойынша ол мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевпен алдын ала сөз байласып әрекет еткен. 2022 жылғы 15 қарашада сот оған 7 жыл тағайындады, апелляция үкімді өзгертпеді, кейін жазаның түрмеде отыру бөлігі кішкентай баласының болуына байланысты бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.

Кәрім Көкірекбаев

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі әрі «Қазселденқорғау» басшысы Кәрім Көкірекбаев 2023 жылғы мамырда ұсталды. Оған мердігерлерден орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін 396 млн теңге көлемінде пара алды деген айып тағылды. Тергеу мәліметінше, ол орынбасары Әділет Ахатаевпен бірге мердігер Андрей Поплавскийден іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін актілерге қол қою мақсатында ақша алған. Мемлекетке 2 млрд теңгеге жуық шығын келген. Алқабилер соты Көкірекбаевты 12 жылға, Ахатаев пен Поплавскийді 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музей директоры 2022 жылғы мамырда бюджет қаражатын жымқыру ісімен қамауға алынды; 2023 жылғы маусымда сол іс бойынша 8 жылға сотталды. Бұл жолғы айып пара алуға емес, пара беруге оқталуға қатысты: сот анықтауынша, 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы маусымға дейін ол қамауда отырып, қамаудан шығу мен «Дипломат» қонақүйін сақтап қалу үшін әйелі арқылы адвокатқа бірнеше транш берген (140, 120, 100 және 40 мың доллар, сондай-ақ 27 млн теңге). Адвокат ақшаны иемденіп, мәселені шешпеген. 2024 жылғы 13 ақпанда сот оны пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп тауып, алдыңғы үкіммен біріктіріп 11 жылға бас бостандығынан айырды. Әйелі Галия Искакова делдалдық үшін 6 айға, адвокат Мұстахим Тулеев алаяқтық үшін 6 жыл 8 айға сотталды.

Шапағат Әубәкір

Сәтбаев қаласының әкімі қызметке 2023 жылғы 20 қаңтарда тағайындалып, 14 ақпанда пара алды деген күдікпен ұсталды. Айыптау бойынша ол жергілікті кәсіпкерден жол қызметі шартының сомасын ұлғайтып, мерзімін ұзартуға уәде еткені үшін 10 млн теңге алған. 2024 жылғы наурызда сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұржан Әлтаев

Бұрынғы мәжіліс депутаты, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев 2018 жылғы ақпан мен 2020 жылғы шілде аралығында делдал арқылы 115 мың АҚШ доллары және 8,15 млн теңге пара алған деп айыпталды. Тергеу мәліметінше, ол «Атамекен» ҰКП мүддесі үшін тиімді ресми шешімдер қабылдауға ықпал еткен. Сотта оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, телефондағы хат-хабарлармен және жасырын тергеу әрекеттерінің жазбаларымен дәлелденген. Прокурор 12 жыл жаза сұрағанымен, сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

Марат Бекетаев

Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 2023 жылғы қазанда ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол өзіне қатысы бар компанияның мүддесін қолдап, мемлекетке қажет емес қызметтерді көрсету бойынша жыл сайынғы келісімшарттар жасасуға ықпал еткен. Соның салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде залал келген. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасау, жымқыру және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу баптары бойынша айып тағылды. 2025 жылғы 3 наурызда қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі қызметін атқарған. Кейін премьер-министрдің кеңесшісі болған.

Ерлан Қожағапанов

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов 2024 жылғы наурызда ұсталды. Ол «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңге жымқырды деп айыпталды. Тергеу мәліметінше, форумды өткізуге жасалған сметада қызметтердің құны екі есе артық көрсетілген. 2025 жылғы мамырда сот Қожағапановты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. Кейін сот шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылып, Қожағапанов бостандыққа шықты.

Сатжан Аблалиев

Көлік вице-министрін 2025 жылғы тамызда ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алды деген күдікпен ұстап, сот санкциясымен қамауға алды. Қызметтен босатылды.Ол 2023 жылғы қазаннан бері вице-министр болған, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары еді. ҰҚК таратқан бейнеде үйдегі үстелде доллар жатқаны бейнелер болған. Бірақ соттың айыптау актісінде пара алу бойынша айыптау болмаған. Қазір Астанада сот жүріп жатыр. Айыптар өкілеттікті асыра пайдалану мен кірісті заңдастыруға қатысты.

Ақмади Сарбасов

Бұрынғы бірінші вице-министр 2025 жылғы сәуірде еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарды. Қаржы мониторингі агенттігі оны 2025 жылғы 28 маусымда Арғандықов пен Омаровпен бірге 75 мың доллар пара берілген сәтте ұстады. Тінту кезінде 370 мың доллар мен 4,5 млн теңге алынған. 2026 жылғы 11 қарашада Алматының Алмалы аудандық соты оны пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметке өмір бойы тыйым салды. Сот оның өзі 8 мың доллар алғанын анықтады, ал өкілеттікті асыра пайдалану айыбы бойынша оны ақтады.

Даулет Арғандыков

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы 2025 жылғы 28 маусымда ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігі бойынша, 2020 жылы ол «Бірінші кредиттік бюро» басшысымен заңсыз келісімге келген: жекеменшік компания қызметтен түскен кірістің 35 пайызына дейінін алған, ал мемлекеттік бюро 30 пайыз ғана алған. Сот оны өкілеттікті асыра пайдалану, пара беру және зиянды бағдарлама орнату бойынша 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Яғни оның үкімі пара алғаны үшін емес, пара бергені үшін шықты.

Руслан Омаров

«Бірінші кредиттік бюроның» бұрынғы бас директоры 2025 жылғы 28 маусымда 75 мың доллар пара беру кезінде ұсталды. Сот оны пара беру мен қызмет бабын асыра пайдалануға қатысқаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сот 75 мың долларды тәркілеуді шешті, ал орталыққа келген 2 млрд теңге шығынды өндіру талабы қанағаттандырылмады.

Жақсылық Омар

Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар 2026 жылғы сәуірде алаяқтық және пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қызметін атқарған кезде құны шамамен 13 млн теңге болатын Toyota Camry көлігін «материалдық көмек» ретінде алған. Кейін көлік үшінші тұлғаның атына рәсімделіп, жаңа модельге айырбасталған. Екінші эпизод бойынша ол әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге талап еткен. Қызметкер ҰҚК-ге жүгінгеннен кейін ақша беру процесі күштік құрылымдардың бақылауымен өткен. Делдал арқылы 6 млн теңге беріліп, Омар ұсталған кезде оның 5,6 млн теңгесі тәркіленген.

Жақыпов пен Отыншиев

Астанада «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ директоры Елжас Отыншиевтың ұсталғаны айтулы оқиға болды. Мемлекет басшысы пара алу күдігімен ұсталған екі басшыға қатысты бүгін өз ұстаеымын жеткізеді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
13 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар