Газа аймағындағы ауруханаға жасалған соққыдан алты адам қаза тапты
12 қарашаға қараған түні Израиль авиациясы Газа аймағының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында орналасқан «Нассер» медициналық кешеніне әуе соққысын жасады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Газа аймағының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан алты палестиналық (оның ішінде бір дәрігер мен 13 жасар бала бар) қаза тауып,28 адам жараланған.
Зымыран аурухананың хирургиялық корпусының екінші қабатына түскен. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл алдын ала ескертусіз және эвакуация туралы бұйрықсыз жасалған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында медицина қызметкерлері, науқастар және олардың туыстары бар.
Израиль армиясы мен ШАБАК қауіпсіздік қызметі соққыны растап, нысана ХАМАС-тың Хан-Юнистегі бригадасының командирі Мұхаммед Әбу Исмаил мен ұйымның өзге де мүшелері болғанын мәлімдеді. Израиль тарапы ХАМАС аурухана аумағын командалық пункт ретінде пайдаланды деп отыр. Ал ХАМАС қозғалысы бұл айыптауларды жоққа шығарып, шабуылды әскери қылмыс деп атады және халықаралық делдалдарды бітім шартын сақтауды қамтамасыз етуге шақырды.
«Нассер» медициналық кешенінің директоры Ахмед әл-Фарраның сөзінше, шабуылдан кейін аурухана жұмысы іс жүзінде тоқтап қалған – операциялық блоктар, радиология және зертханалық диагностика бөлімшелері істен шыққан. Бұл нысан Газаның оңтүстігінде күрделі оталар жасай алатын санаулы мекемелердің бірі еді.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қазанында атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен бері 1,6 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. «Нассер» ауруханасы бұған дейін де бірнеше рет соққыға ұшырап, 2025 жылдың тамызындағы шабуылда кемінде 22 адам (оның ішінде бес журналист) көз жұмған.
Айта кетейік, осыған дейін Газа аймағында толассыз жаңбырдың соңы су тасқынына ұласып, шамамен 5 адам қаза тапқан еді.
- Соңғы
- Қараша, 12
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026