ЖОО-лар оқу ақысының өсуін инфляция деңгейінде ұстап тұруға тырысады - Саясат Нұрбек
Қазақстанда жоғары білім алу мүмкіндігі жоғары. Соңғы жеті жылда студенттерге жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеден асатын 650 мың грант бөлінген. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
Ол жоғары оқу орындарының ақысы халыққа қаншалықты қолжетімді екенін айтып берді.
Министрдің айтуынша, қазір студенттер саны мен мемлекеттік гранттар арасындағы ара қатынас шамамен 2/1-ге тең. Сонымен қатар соңғы үш жылда азаматтардың білім алуына қаржылай қолдау көрсететін төрт қосымша тетік енгізілген.
«240 мың отбасы балаларының оқуына қаражат жинау үшін арнайы есепшот ашқан. Бұл жүйеде мемлекет бастапқы капитал бөліп, банк сыйақысына қосымша мемлекеттік сыйақы береді. Егер бала мемлекеттік грантқа түссе, жинақталған ақшаны тұрғын үй сатып алуға пайдалануға немесе келесі баланың оқуына қалдыруға болады. Бұдан бөлек, оқу ақысының 50%-ына дейін өтейтін сараланған гранттар мен пайызсыз білім беру несиелері қарастырылған. Сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қазақстандықтардың шоттарына 1 млрд доллардан астам қаражат аударылған», – деді Саясат Нұрбек.
Министр мемлекеттік университеттерде оқу ақысының өсуі инфляция деңгейінен аспайтындай шектелетінін айтты. Ал жекеменшік жоғары оқу орындарының бағасын тікелей реттеу мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен министрлік жекеменшік университеттер қауымдастығымен келіссөз жүргізіп, оқу ақысын шамадан тыс көтермеуге шақырып келеді.
Министр шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдарында да оқу құнын төмендету бойынша жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
Оның сөзінше, шетелдегі кампустарда оқу ақысы жылына 21–22 мың доллар болса, Қазақстандағы филиалдарда шамамен 12–13 мың долларды құрайды. Сонымен қатар қазақстандық талапкерлерге арнайы гранттар бөлінеді.
Министрлік алдағы уақытта да жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының өсуін инфляция деңгейінде ұстап тұруға ниетті.
Оқи отырыңыз: «Дұрыс па, жоқ па»: министр NVIDIA-мен бірлескен жоба жайлы айтты
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 қараша 2026