NVIDIA экс-басшысы Дженсен Хуанг орнына кім келуі мүмкін
Қызметінен кеткен Дженсен Хуангтың орнына Nvidia-ға кім келуі мүмкін. Axios 11 үміткердің атын атаған, олардың арасында Хуангтың қызы да бар деп жазады Kursiv Media.
Қазір компания Nvidia-ға бас директор іздестіріп жатыр, директорлар кеңесі компания ішіндегі топ-менеджерлерден бөлек өзге компаниялардағы үміткерлерді де қарастырып жатыр.
Қазір Хуангтың креслосында қаржылай директор Колетт Кресс отыр. ВВС жазуынша, ол 13 жылдан бір компанияда жұмыс істейді, қызметкерлерге жақсы таныс. Әр тоқсан сайын инвесторлар алдында есеп беретін адамның бірі де осы Кресс. Өзі де миллиардер, технология индустриясындағы ықпалды тұлғаның бірі дейді ВВС журналисі Зои Кляйнман. Бірақ ол инженер емес, ал Nvidia әрдайым күрделі және әр уақыт сайын жаңарып отыратын өнімдерімен ерекшеленетінін ескерсек, Кресске ауыр жүк түсіп отыр.
Бұдан бөлек тізімде компания вице-президенті Иэн Бак та бар. Ол CUDA платформасын құрастыруға қатысқан.
Үміткерлер арасында Хуангтың қызы, 35 жастағы Мэдисон Хуангтың есімі де аталады. Айта кетейік, Хуангтың қызы және 1990 жылы туған Спенсер Хуанг есімді ұлы бар. Лондон бизнес мектебінде маркетинг және стратегия бағыты бойынша MBA дәрежесін алған. Қазір NVIDIA компаниясында физикалық жасанды интеллект платформасының өнімдері мен технологияларын маркетингтеу жөніндегі аға директор қызметін атқарады. Әлбетте, дәл қазір әкесінің креслосына отыруға оның тәжірибесі де, нарықтағы ықпалы да жетпеуі мүмкін. Бірақ болашақтағы Nvidia жетекшілерінің бірі болуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.
Мэдисон Хуангты әріптестері Nvidia-ға берілген адамның бірі деп есептейді. Ол мансабын біртіндеп өсірген. Алдымен өнім маркетингі бойынша менеджер, кейін аға менеджер болып жұмыс істеді. 2023 жылы Мэдисон Хуангтың жылдық жалпы табысы 1 миллион доллардан асқан. Сол жылы ол аға директор қызметіне көтеріліп, компания басшысының негізгі командасына қосылды.
2025 жылғы 8 тамызда америкалық БАҚ Мэдисон Хуангтың компанияның жаңа стратегиялық бағыттарындағы маңызды қызметкерлердің біріне айналғанын жазды. Ақпарат құралдарының мәліметінше, ол да, Дженсен Хуангтың ұлы Спенсер Хуанг та NVIDIA-ға келгеннен кейін бірнеше рет қызмет сатысымен жоғарылаған.
Мэдисон мен Спенсер Хуанг негізінен модельдеу бағдарламалары мен робототехника саласында еңбек етеді. Бұл бағыттар NVIDIA үшін соңғы жылдары басымдыққа ие болып отыр.
Бұған дейін Трамп Дженсен Хуангтың орнына Тим Кукті Nvidia басшысы етіп тағайындауды ұсынғанын жазған едік. Одан бөлек Intel-ді басқаратын Пэт Гелсингерді де атаған. Үміткерлер тек ол ғана емес. Axios жазуынша, бұрын компанияда жұмыс істеген, қазір Arm-ді басқаратын Рене Хаас пен AMD жетекшісі Лиза Су да Хуангтың креслосына отыруға лайық. Бұл тізімде Apple-дің тағы бір топ-менеджері Джони Сруджи да бар.
Бұл тізімге Palo Alto Networks компаниясының басшысы Никеш Арора мен Google Cloud басшысы Томас Куриан да енген. Алайда Никеш Арораның тәжірибесі негізінен киберқауіпсіздік пен технологияның басқа бағыттарына қатысты. Ал Томас Куриан чиптерді жобалаумен айналыспаған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026