Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Ифтар емес – ауызашар: ҚМДБ құлшылықтан тыс кезде қазақша сөздерді айтуға шақырды

kz.kursiv.media

Ифтар емес – ауызашар: ҚМДБ құлшылықтан тыс кезде қазақша сөздерді  айтуға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қарым-қатынаста діни мазмұндағы араб сөздерінің орнына қазақ тілінде қалыптасқан атауларды қолдануға шақырды. Мүфтият өкілдері «ифтар», «сухур», «ахи», «ухти» сөздерінің қазақша баламалары бар екенін еске салды.

ҚМДБ бұл мәлімдемені Президенттің «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің дамуы туралы айтқан сөздерінен кейін жариялады.

Мүфтият құлшылық кезінде қолданылатын араб тіліндегі дұғалар мен зікірлердің өзіндік орны бар екенін атап өтті. Алайда күнделікті әңгімеде қазақ тілінде қалыптасқан сөздерді қолданған жөн деп санайды.

«Ана тілімізді ардақтай отырып, құлшылық сөздерінің де орнын ескергеніміз жөн. Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі», – делінген мәлімдемеде.

Мәселен, ораза кезінде қолданылатын «ифтар» мен «сухур» сөздерінің орнына «ауызашар» және «сәресі» атауларын пайдалану ұсынылды. Сондай-ақ бес уақыт намаздың «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген қазақша атауларын күнделікті әңгімеде, уағызда және намаз кестелерінде қолдану керегі айтылды.

Бұдан бөлек, ҚМДБ кейбір азаматтардың бір-біріне «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» деп сөйлесуіне назар аударды. Оның орнына «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған дұрыс деп есептейді.

«Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», – деп түсіндірді діни басқарма.

Сонымен қатар мүфтият имандылық тәрбиесін қазақ тілінде жеткізудің маңызын атап өтті. Бабаларымыз ұрпақты «Аманатқа қиянат жасама», «кісі ақысын жеме», «обал болады», «сауап болады» деген сөздер арқылы адалдыққа, жауапкершілікке және жанашырлыққа баулыған.

ҚМДБ пікірінше, осы рухани мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін оның мәнін ашып, күнделікті өмірмен байланыстыра түсіндіру қажет.

Еске салайық, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев дінге қатысты сөздердің орнына араб сөздерін қолдану сәнге айналғанын айтқан болатын. Кейінгі жылдары «Құдай қаласа», «Құдайға шүкір» деген тіркестердің орнына «Иншалла», «Әлхамдулиллаһ» секілді арабша сөздер мен тіркестер жиі қолданыла бастады. Одан бөлек ауызашарды «ифтар», сәресін «сухур» дейтіндер де бар.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
13 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар