Алматыда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап көмір сатылмайды
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Алматының төмен шығарындылар аймағында (LEZ) көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр. Көмірді теміржол арқылы қаладағы қоймаларға жеткізу тоқтатылады деп жазады Kursiv Media қала әкімдігіне сілтемемен.
Қала әкімдігінің мәліметінше, экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көмір қоймаларын Алматыдан облыс аумағына көшіру жұмыстары талқыланған.
Жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына дейін көмірді теміржол арқылы қалаға жеткізу толық тоқтатылуы керек. Алайда кейбір қоймаларда көмірді түсіру және сату әлі де жалғасып жатыр.
Әкімдік ұсынған мәліметке сәйкес, қазір Алматыдағы көмір қоймаларында шамамен 24 мың тонна көмір бар. Оның 22,8 мың тоннасы немесе 95%-ы – кірпіш зауыттарына арналған ұсақ көмір фракциялары. Қолданыстағы көмір қоймалары орналасқан жерлерді жалға алу туралы келісімшарттарды бұзу жұмыстары 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталмақ.
Сонымен қатар Алматыда шағын және орта бизнес нысандарын көмір сияқты қатты отыннан газға көшіру жұмыстары жүріп жатыр. «Eco Almaty» ЖШС мәліметінше, газға көшіру жоспарланған 2 395 нысанның 1 879-ы газға қосылған. Қалған 516 нысан әлі де көмір және басқа да қатты отын түрлерін пайдаланып отыр.
Бұл нысандарды газға көшіру жұмыстары жалғасады. Шаралар қалада ауаның ластануын азайту және төмен шығарындылар аймағын (LEZ) кезең-кезеңімен енгізу мақсатында қолға алынған.
Бұдан бөлек, қаладағы жеке тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Әкімдік дерегінше, Алматының жеке тұрғын үй секторын газдандыру деңгейі 99,6%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш үйлердің басым бөлігінде табиғи газға қосылуға техникалық мүмкіндік бар екенін білдіреді.
Төмен шығарындылар аймағы (LEZ) – ауаға тарайтын зиянды газдар мен түтінді азайту үшін енгізілетін арнайы аумақ. Мұндай аймақта қоршаған ортаны ластайтын көлік пен нысандардың жұмысына шектеу қойылады.
Оқи отырыңыз:
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026