33 жылда теңге бағамы қалай өзгерді (инфографика)
Бір доллар бес теңгеге де жетпейтін уақыт болған. Бүгін ол алыста қалған дәуірдің дерегіндей. Осы екі кезеңнің арасында теңгенің 33 жылдық ғұмыры жатыр. Оның тарихында елдің өз ақшасына ие болған қуанышы да, девальвациядан кейін есеп-қисабын қайта жасаған жұрттың алаңы да бар. Дәл қазіргі бағаммен салыстырсақ теңге 33 жылда 99,8 пайызға құлдыраған. Kursiv Media есебінше осы аралықта бір доллардың теңгедегі бағасы 94 еседен астам өсіпті. Редакция теңгенің 33 жылдығына арналған кезекті сериялы материалын ұсынады.
1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан төл теңгесін айналымға енгізді. Егемен елдің енді өз ақшасы, дербес ақша-кредит саясатын жүргізетін мүмкіндігі болды. Алғашқы банкноттардағы әл-Фараби, Құрманғазы, Абай бейнелері көпшіліктің есінде қалды. Төл ақша қолға тигенде, оны күнделікті есеп айырысу құралы ретінде ғана қабылдау қиын еді. Теңге тәуелсіздіктің көзге көрінетін, қолмен ұстайтын белгісіне айналды.
Бірақ ұлттық валютаның дүниеге келуі экономиканың ауыртпалығын бірден жеңілдеткен жоқ. Өндіріс құлдырап, бұрынғы шаруашылық байланыстар үзіліп, баға шарықтап тұрған шақ еді. Жаңа ақшаның алғашқы қадамы осындай күрделі кезеңге тап келді.
Дереккөз: ҚР ҰБ
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Ұлттық банктің архивіндегі 1993 жылғы 18 қарашадағы жазбада бір доллардың ресми бағамы 4,704 теңге деп көрсетілген. Ал 2026 жылғы 13 қарашада ол 443,62 теңге болды. Осы екі күнді салыстырсақ, доллардың теңгедегі бағасы шамамен 94 есе өскен. Алайда осы санның өзі теңгенің бүкіл тарихын айтып бере алмайды.
Теңгенің жолы біркелкі болған жоқ. Ұлттық валюта әлсіреген жылдармен қатар, нығайған кезеңдерді де өткерді. Графиктегі сызық кейде жоғары өрлесе, кейде төмен түсті. Бірақ жұрттың жадында, көбіне, доллар бірден қымбаттап кеткен күндер қалды.
1999 жылғы бағам саясатының өзгеруі, 2009 және 2014 жылдардағы девальвациялар талай отбасының жоспарына түзету енгізді. Біреу үй алуға жинаған ақшасын қайта есептеді. Біреу баласының шетелдегі оқуына қажет қаражаттың көбейгенін көрді. Кәсіпкер сырттан әкелетін тауарының жаңа құнын шығарды.
Бағамдағы өзгеріс осылайша айырбастау пунктінің тақтасынан күнделікті тіршілікке көшеді. Әсіресе импортқа тәуелді тауарлар мен қызметтер арқылы қалтаға салмақ салады. Дегенмен доллар қанша пайыз қымбаттаса, барлық тауар дәл сонша өседі деу дұрыс емес. Бағаға өндіріс шығыны, тасымал, бәсеке және ішкі нарықтағы жағдай да әсер етеді.
2015 жылғы 20 тамызда Қазақстан еркін өзгермелі бағамға көшті. Бұл теңге тарихындағы үлкен бетбұрыс болды. Бұрын валютаны белгілі бір дәлізде ұстауға басымдық берілсе, жаңа жағдайда бағамның нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай өзгеруіне жол ашылды.
Содан бері мұнай бағасы, экспорттан түсетін валюта, импортқа сұраныс және сыртқы нарықтағы оқиғалар теңге қозғалысынан көрініп келеді. Пандемия мен геосаяси күйзелістер де валюта нарығын айналып өткен жоқ.
Сондықтан теңгенің әрбір әлсіреуін бір адамның шешімімен түсіндіру жеткіліксіз. Бағамның артында ел экономикасының құрылымы, сыртқа сататын тауары мен сырттан сатып алатын дүниесінің арақатынасы тұр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қараша 2026