Ғылыми жобаға бөлінген миллиондар: 297 млн теңгені мақсатсыз жұмсағандар ұсталды
Астанада ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жымқыру фактісі анықталды.
Тергеу деректеріне қарағанда, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» АҚ-нан өсімдік майын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ашу үшін 350 млн теңгеге дейін қаржыландыру алуға мүмкіндік беретін грант иеленген.
Бірақ бөлінген ақша мақсатты жұмсалмаған. Кәсіпкер жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер мен өзге де тауарларды сатып алуға арналған төлемдер ретінде қаражатты өзіне бағынышты компаниялардың есепшоттарына аударып отырған.
Жоба бойынша тот баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі орнатылуы тиіс еді. Алайда оның орнына техникалық талаптарға сай келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы сатып алынған. Өндіріс іске қосылмағандықтан, дайын өнім де шығарылмаған және сатылмаған.
Осы әрекеттер салдарынан мемлекетке 297 млн теңгеден астам шығын келген.
ҚМА мәліметінше, қаражаттың бір бөлігі пайдаланылған өсімдік майын жеткізу ақысын төлеу деген сылтаумен өзара байланысты екі компанияға жіберілген. Кейін ақшаның бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайта аударылып, жобаға кәсіпкердің өз қаражаты ретінде көрсетілген. Ал қалған бөлігі автокөліктерді лизингке алу үшін бастапқы жарна төлеуге жұмсалған.
Бұдан бөлек, жобаның орындалуын бақылауға міндетті «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері де заңсыз әрекетке барған. Ол 1,7 млн теңге сыйақы алып, тексеру кезінде анықталған заң бұзуды актіге енгізбеген. Керісінше, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыныс берген.
Қазір іс бойынша екі күдікті қамауда отыр. Сот шешімімен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынған.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Тағы да оқыңыз: Ғылыми жобаларды бес жылға қаржыландыру неге кейінге қалды – министр себебін айтты
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026