Никол Пашинян Армения премьері қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қойылып, бейбіт күн тәртібінің негізгі тармақтары орындалғаннан кейін үкімет басшысы қызметінен кетуге дайын екенін айтты.
Armenpress хабарлауынша, 19 қарашада өткен үкімет отырысында ол оппозицияны жаңа Конституция бойынша референдум өткізуді қолдауға шақырды. Пашинянның сөзінше, егер азаматтар жаңа Конституция жобасын қабылдамаса, ол отставкаға кетеді. Ал құжат мақұлданған жағдайда, келесі парламенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынбайтынын жеткізді. Бұған дейін парламентте сөйлеген сөзінде де ол өзінің басты миссиясы ретінде Бакумен бейбіт келісімді ратификациялауды атап, осы мақсат орындалған соң орнын босатуға әзір екенін білдірген.
Жаңа Конституцияның алдын ала жобасы келесі аптада жарияланбақ. Бұл құжаттың қабылдануы Әзербайжанмен арадағы қатынастар үшін де маңызды, себебі ресми Баку түпкілікті бейбіт келісімге қол қоюды аумақтық талаптар ретінде бағаланатын конституциялық нормаларды алып тастаумен байланыстырып отыр.
Алайда Пашинянның бұл бастамасына оппозиция қарсы шықты. «Армения» блогының депутаты Кристине Варданян оппозициялық күштер референдум өткізуді қолдамайтынын және бұл шешімді бұғаттау үшін өз дауыстарын пайдаланатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, осыған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван мен Баку арасында аумақ алмасу бастамасын көтерген еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қараша 2026