Жылыжайларда өсірілген көкөніс көлемі 25%-ға артты
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстандағы жылыжайларда 166,7 мың тонна көкөніс жиналған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,3%-ға көп. Тоғыз айда қызанақ өнімі 29,7%-ға өсіп, 93,8 мың тоннаға, ал қияр 21,5%-ға артып, 68,9 мың тоннаға жеткен.
Түркістан облысы көш бастап тұр
Жылыжай өнімінің 54,5%-ы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде тоғыз айда 90,9 мың тонна көкөніс жиналған. Шымкентте өнім көлемі төрт есе өсіп, 18,2 мың тоннаға жеткен. Алматы қаласы мен Атырау облысында да айтарлықтай өсім байқалған.
Еnergyprom.kz мәліметінше, жылыжай аумағы да кеңейген. Үшінші тоқсанда елдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының көкөніс өсіретін жылыжайлары 7,9 млн шаршы метрді құраған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Оның шамамен 70%-ы Түркістан облысында орналасқан.
Қысқы маусымда импортқа тәуелділік сақталады
Өнім көлемі артқанына қарамастан, Қазақстан қыс мезгілінде қияр мен қызанақ импорттайды. 2026 жылдың қаңтар–тамызында елге 9,2 мың тонна қияр мен корнишон жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14,7%-ға көп.
Қызанақ импорты да 2024 жылдан бері жыл сайын 8–9%-ға өскен. Сондықтан жылыжай шаруашылығы дамығанымен, ішкі сұранысты қыс мезгілінде толық отандық өніммен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмеген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қараша 2026