Қырғызстанда Бішкектегі кептеліске байланысты елорданы көшіру ұсынылды
Қырғызстан парламентінің (Жоғарғы Кеңес) депутаты Нұрбек Сыдығалиев республика елордасын Бішкектен Ош қаласына көшіруді ұсынды. Бұған қазіргі бас қаладағы көлік кептелісі мәселесі себеп болған, деп хабарлайды Kaktus.media.
18 қарашада өткен парламент отырысында депутат Ош қаласына барған сапарында ондағы көпірлер мен жол айрықтарының салынуын көріп, тәнті болғанын айтты. Ол Бішкек мэриясына Оштың тәжірибесін алып, кептеліс көп болатын қиылыстарға осындай жол айрықтарын салуға кеңес берді.
«Ошта жолдар мен көпірлер өте жақсы салынған! Бішкекте де солай істеу керек, әйтпесе кептеліс мәселесін шеше алмаймыз. Жағдай күн сайын қиындап барады. Мәселені осылай шешу керек немесе астананы көшіру қажет», – деді Сыдығалиев.
Өз кезегінде Бішкек мэрі Айбек Жүнішәлиев елордада да осындай нысандар салынып жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, ол елорде көшірілген жағдайда, тұрғындардың да сол жаққа қоныс аударатынын айтып, қарсылық білдірді.
Депутат халықтың бір бөлігі қазіргі астанада қалатынын айтып, көлік мәселесіне қала орталығында көпқабатты үйлер салуға рұқсат берген сәулетшілерді кінәлады. Оның пікірінше, құрылысты қала сыртында дамыту керек еді.
Айта кетейік, Қырғызстанда әкімшілік-аумақтық реформа жүріп жатыр. Ел билігі барлық облыс пен аудандарды таратуды көздеп отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қараша 2026