Алматының жаңа Бас жоспары бекітілді, қала 15 жылдан кейін қалай өзгереді?
Қазақстан үкіметі Алматы қаласының жаңа Бас жоспарын бекітті. Құжатта қаланың 2040 жылға дейінгі даму жоспары бекітілген.
Бұған дейін қала әкімі Дархан Сатыбалды сұхбатында қаланы полицентрлі модельмен дамыту ұсынған еді. Яғни қала бірнеше дербес бөлікке бөлінеді. Жаңа жоспар сол модельді негізге ала отырып әзірленген.
Алматыны бірнеше ірі орталыққа бөліп дамыту жоспарланып отыр. Әр орталықта тұрғын үйлер, жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, көлік және коммуналдық инфрақұрылым қатар дамиды. Құжат авторларының түсіндіруінше, мұндай тәсіл қаланың экономикасын дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша қалада бес полицентр қалыптасады.
Өзгерістерді алдымен қаланың солтүстік бөлігінен, яғни Жетісу ауданы мен Түрксіб ауданының бір бөлігінен бастау жоспарланған. Бұл аумақта кейбір өндіріс орындары мен базарлар басқа жерге көшіріледі. Ескі үйлер жаңартылып, көшелер ретке келтіріледі және жаңа саябақтар мен скверлер салынады.
Көлік инфрақұрылымы да өзгереді. Алматы-1 теміржол вокзалының маңын дамыту үшін Алматы-1 мен Алматы-2 станцияларының арасына екінші теміржол желісін салу және көліктің бірнеше түрі түйісетін ауысып міну орталығын ашу көзделген.
Қаланың шығыс бөлігінде жылдам жүретін трамвай, «Шығыс» автовокзалы, BRT желісі мен қала маңындағы көліктерді біріктіретін ірі көлік торабы салынады. Бұдан бөлек, көл мен өзендері бар 120 гектар табиғи аумақ абаттандырылады.
Батыс бөлікте индустриялық аймақ кеңейтіліп, экологияға зияны аз өндіріс орындары ашылады. Жас мамандар үшін кәсіптік-техникалық колледждер, жалдамалы тұрғын үйлер мен жатақханалар салу жоспарланған. Ал 90 гектар жерді алып жатқан тектоникалық жарылым аумағына құрылыс жүргізілмейді. Оның орнына жасыл желек отырғызып, демалыс аймағына айналдыру көзделген.
Оңтүстік-батыс бөлікте «Алтын Орда» базарын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін қалалық көтерме-тарату орталығына айналдыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ сауда-логистика және іскерлік орталықтар салынады. Бұл аумақта «Батыс» автовокзалы, метро және LRT станциялары да пайда болуы мүмкін.
Тарихи орталықта ескі ғимараттарды қалпына келтіру және мәдени нысандардың айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Кеңес дәуірінде салынған тұрғын үйлердің тозған инженерлік желілері де жаңартылады.
Сонымен қатар Алматы ауыр машина жасау зауытының аумағы мен Сейфуллин даңғылындағы бұрынғы №1 тергеу изоляторы орналасқан жерді қайта құру жоспарланған. Олардың орнына заманауи үлгідегі кварталдық тұрғын үйлер мен іскерлік орталық салу көзделіп отыр.
Бас жоспардың жеке бөлімі көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған. Құжатқа сәйкес, Алматыда метро желісі де, жеңіл рельсті көлік пен BRT бағыттары да кеңейтіледі.
Метро желісінің ұзындығын қазіргі 13,4 шақырымнан 2030 жылға қарай 35 шақырымға, ал 2040 жылға қарай 123,6 шақырымға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін қолданыстағы бірінші желінің құрылысын аяқтап, екінші айналма және үшінші метро желілерінің құрылысын бастау көзделген.
Сонымен қатар қалада LRT желісі дамытылады. Ұзындығы 31 шақырым болатын алғашқы бағыт Алматының батыс аудандарын Алматы-2 теміржол вокзалымен, сондай-ақ «Батыс» және «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстырады. Бас жоспар бойынша 2040 жылға қарай LRT желілерінің жалпы ұзындығы 79 шақырымға жетуі тиіс.
Бұдан бөлек, Райымбек даңғылы бойымен BRT жүйесінің екінші желісін салу қарастырылған. Веложолдардың ұзындығын да арттыру жоспарланып отыр. Қазір қалада 96 шақырым веложол болса, 2030 жылға қарай оны 262,8 шақырымға жеткізу көзделген.
Жалпы 2040 жылға қарай Алматыдағы қоғамдық көлік бағыттарының ұзындығы қазіргі 981 шақырымнан 1214 шақырымға дейін ұлғаюы мүмкін.
Экология саласында да бірқатар өзгеріс жоспарланған. 2027 жылдан бастап қоқысты бөлек жинау міндеттеліп, 2040 жылға қарай тұрмыстық қатты қалдықтардың 60%-ын қайта өңдеу көзделген. Сондай-ақ тәулігіне 2 мың тонна қалдықты өңдеп, энергия өндіретін зауыт пен макулатураны қайта өңдеу кәсіпорны салынады. Су қорғау аймақтарына қойылатын талап күшейтіліп, су жағасындағы ені 35 метрлік аумақта күрделі құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Бұдан бөлек, 2027–2030 жылдары зиянды шығарындылары аз аймақтар енгізіледі. 2027 жылға дейін Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға көшіру және көмірмен жылытуды тоқтату жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз:
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қараша 2026