Дөң ТКБК-ның «Болашақ» шахтасында екінші ұсақтау-түсіру кешені іске қосылды
«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында екінші ұсақтау-түсіру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысан жерасты көлік жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, шахта инфрақұрылымын ауқымды дамыту жобасының бір тармағына айналады.
Ұсақтау жабдығының өнімділігі – сағатына 800 тонна кен. Кешен тау-кен массасын жерасты горизонттары арасында тасымалдауды, оны ұсақтауды және кейін жер бетіне шығару үшін скиптік көтергішке беруді қамтамасыз етеді.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – вагонеткаларды түбінен түсіру технологиясы. Бұл Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отыр. Дәстүрлі әдіс бойынша вагонетка аударылып босатылса, жаңа технологияда кенді түсіру үшін оның түбі ашылады. Соның арқасында құрам учаскеден тоқтамай өте алады. Он вагонетканы босатуға шамамен бір жарым минут кетеді. Бұл шешім жерасты көлігінің өнімділігін арттырып, жұмыс қауіпсіздігін нығайтады.
– «Болашақ» шахтасын дамыту – ERG-дің шикізат базасын нығайтуға және Қазхромның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды жобаларының бірі. Инфрақұрылымның әрбір жаңа нысаны бізді кен орнын игерудің келесі кезеңіне жақындатады, – деді Дөң ТКБК директоры Бауыржан Утемисов. – Біз үшін өндірістік қуатты арттырумен қатар, кен өндіруді тиімді әрі қауіпсіз ететін технологияларды енгізу де маңызды. Шахтаны жаңғырту жұмыстары дәл осы мақсатқа бағытталған.
Кешен құрылысы екі жарым жылға жуық уақыт жүрді. Жұмыстар бірнеше жерасты горизонтында қатар жүргізіліп, тау-кен қазбаларын ұңғылау, камераларды дайындау және жабдықтарды монтаждау жұмыстары қамтылды. Кенқұдық салу кезінде кеніште алғаш рет Аустралиядан жеткізілген қондырғыларды пайдалана отырып, арнайы бұрғылау технологиясы қолданылған. Бұл технология күрделі геологиялық жағдайда ұңғылау аймағында қызметкерлердің тікелей қатысуынсыз жұмыс жүргізуге мүмкіндік беріп, осыған байланысты тәуекелдерді азайтты.
Жаңа нысан шахтаны дамыту жобасында қарастырылған үш ұсақтау-түсіру кешенінің екіншісі. Үш кешен де іске қосылғаннан кейін скиптік көтергіштің қуаты жылына 4 млн тоннаға жетеді.
Сонымен қатар жаңа инфрақұрылым бай және қалыпты сападағы кенді, сондай-ақ кенсіз тау жынысты бөлек шығаруға мүмкіндік береді. Бұл шикізат сапасына қарай ағындарды икемді басқаруға және барлық тау-кен массасын бір ағынмен шығару тәсілінен бас тартуға жағдай жасайды.
Үшінші ұсақтау-түсіру кешенінің құрылысын 2027 жылғы мамырда аяқтау жоспарланып отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қараша 2026