Қазақстанда «қызыл аймақтағы» станциялар саны беске дейін қысқарды
Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады. Кездесу барысында министр Президентке отын-энергетика кешенінің биылғы он айдағы негізгі көрсеткіштері, жылыту маусымының өту барысы және алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Ақкенженовтің айтуынша, еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы қалыпты өтіп жатыр. Биыл электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, негізгі жабдықтар мен желілер жаңартылды. Соның нәтижесінде жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеп, қатерлі «қызыл аймақтағы» станциялар саны беске дейін қысқарды.Жалпы, 10 айда электр энергиясын өндіру көлемі 2,3 пайызға артып, 102,4 миллиард кВт/сағатты құрады.
Есепті кезеңде мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға өсіп, жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 миллион тоннаға жетті. Ал отандық битум өндірісі (1,1 миллион тонна) ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз етті. Сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін кеңейту және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары басталды.
Газ саласында да оң өзгерістер бар: жыл соңына дейін халықты көгілдір отынмен қамту деңгейі 64,5 пайызға жетіп, 13,2 миллион азамат газға қол жеткізеді. Қазіргі таңда Қашаған мен Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттары салынып жатыр, ал Қарашығанақ пен Қашағандағы екінші зауыттар бойынша EPC-келісімшарттар бекітілген.
Президенттің Жолдауда берген тапсырмасы аясында министрлік жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарының сұранысын ескере отырып, 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауға кірісті. Сонымен қатар, геологиялық барлауды жандандыру үшін электронды аукционға рекордтық 112 кен учаскесі шығарылды. Отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық нұсқаларын әзірлеу процесі басталды.
Кездесу соңында президент халықты энергиямен және жылумен үздіксіз қамтамасыз етуді, жанар-жағармай мен көмір нарығындағы тұрақтылықты қатаң бақылауда ұстауды және ірі инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды.
Айта кетейік, осыған дейін Энергетика министрлігі 2027 жылы сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын қазіргі деңгейде сақтауды ұсынған еді.
- Соңғы
- Қараша, 16
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
17 қараша 2026