Балаларды еңбекке заңсыз тартқан ұйымдарға 230 млн теңге айыппұл салынған
Қазақстанда 14 пен 18 жас аралығындағы 3 мыңға жуық жасөспірім ата-анасының рұқсатымен ресми жұмысқа орналасқан. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев құрылтайда өткен үкімет сағатында айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Депутат Мейірхат Қасымбаев кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әсіресе құрылыс және қоғамдық тамақтану салаларында жасөспірімдердің заңсыз жұмыс істеу деректері кездеседі.
Осыған байланысты депутат балаларды заңсыз еңбекке тарту фактілерін анықтау тетіктері мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы туралы сұрады.
Вице-министр Бахтияр Жазықбаевтың айтуынша, еңбек министрлігі жанындағы еңбекті қорғау институты балалар еңбегіне қатысты зерттеу жүргізген. Оған 100 мыңнан астам респондент қатысқан. Зерттеу нәтижесінде 14 жастан асқан балалардың жұмыс істеуге қызығушылығы бар екені анықталған.
Осыған байланысты enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» функционалы іске қосылған. Ол 14 жастан бастап балаларға ата-анасының келісімімен ұйымдарға ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Қазір шамамен 1,5 мың ұйым 10 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялаған. Нәтижесінде 14 пен 18 жас аралығындағы 3 мыңға жуық жасөспірім ата-анасының рұқсатымен жұмысқа орналасып, олармен еңбек шарттары жасалған.
«Биыл мамыр-тамыз айларында еңбек инспекциялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізген. Осы кезеңде шамамен 8 мың ұйым тексеріліп, 1 600-ден астам заң бұзу анықталған», – деді Жазықбаев.
Нәтижесінде жалпы сомасы 230 млн теңгеге жуық 3 300 хабарлама берілген.
Вице-министрдің айтуынша, еңбек инспекциялары мен жергілікті атқарушы органдар мұндай ұйымдарға қатысты бақылауды тұрақты жүргізеді. Сонымен қатар балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеу үшін заң жобаларына тиісті нормалар енгізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Балалардың онлайн ойындарына жаңа талаптар қойылады: AI-Quryltai жаңа заң әзірледі
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026