Алматы тұрғыны төртінші қабаттан құлап, аман қалды
Алматыда төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған әйел дәрігерлердің көмегімен аман қалды. Ол қалалық Орталық клиникалық ауруханада 18 күн емделіп, жағдайы жақсарған соң үйіне шығарылды. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Әйел ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оның екінші дәрежелі комаға түскенін, қан қысымы күрт төмендегенін, жарақаттық және қан жоғалту салдарынан шок алғанын анықтаған. Сонымен қатар жамбас сүйектері бірнеше жерден сынып, кеуде тұсы зақымданған.
Алдымен медицина мамандары науқастың өміріне қауіп төндірген жағдайды тұрақтандыруға кірісті. Жағдайы жақсарғаннан кейін күрделі ота жасалды. Ота барысында травматолог-ортопедтер Дәулет Чукманов пен Нұржан Нұралы сынған жамбас сүйектерін металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекітті. Анестезиологиялық көмекті Асхат Қасымұлы көрсетті.
Отадан кейін екінші күні науқас біртіндеп қозғала бастады. Емдеу шараларының нәтижесінде әйелдің жағдайы жақсарып, 18 күннен соң ауруханадан қанағаттанарлық жағдайда шықты.
Бұған дейін қазақ стюардессасының Кувейтте ауырып қалғанын жазған едік. Дәрігерлер мәліметінше, ол жақындарын танудан қалған. Әзірге диагнозы белгісіз.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026