Wildberries компаниясының иесі Татьяна Ким Еуропа одағының санкциясына ілікті
Ресейдің ірі онлайн-ритейлері Wildberries компаниясының иесі – Татьяна Ким Еуропа одағының санкциясына іліккен. Бұл туралы Францияның сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып Reuters агенттігі хабарлады.
Wildberries компаниясының қойма кешендері биыл шілде айының ортасынан бері дрон шабуылына ұшыраған болатын. Компания бұл шабуылдардан келген нақты шығын көлемін жариялаған жоқ. Дегенмен, кейбір сарапшылар дрон шабуылынан ритейлер 100 млрд рубль шығын шегуі мүмкін екенін жазады.
Украина Wildberries компаниясын оның ассортиментінде ресейлік әскери қақтығыста қолданылуы мүмкін тауарлар бар деп айыптайды.
Шілде айында Кремль Wildberries қоймалары Ресей армиясын жабдықтау үшін пайдаланылады деген тұжырымды жоққа шығарды. Өз кезегінде Ким компания Amazon немесе Alibaba сияқты ірі әлемдік электронды коммерция платформаларында жоқ ешқандай тауар ұсынбайтынын мәлімдеді.
Дегенмен компанияның баспасөз қызметі Татьяна Кимге қарсы енгізілетін санкциялар компанияның жұмысына әсер етпейді деп тұжырымдайды.
«Татьяна Кимге қатысты еуропалық санкциялар РВБ мен оның экожүйесіне кіретін компаниялардың жұмысына ықпал етпейді, өйткені компанияның Еуропа одағында активтері жоқ және ЕО елдерінде қызмет жүргізбейді», — деді баспасөз қызметі.
Ким – Wildberries компаниясының жалғыз иесі әрі басшысы. Оның байлығы 5 млрд долларға бағаланады. Ол әлемдегі ең бай 50 әйелдің қатарына кіреді.
Еуропа одағы санкция тізіміне жалпы 12 жеке тұлға мен 133 ұйымды енгізген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026