Елде риелтор қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтіледі
Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеу шараларын пысықтап жатыр. Оның басты мақсаты қызмет сапасын арттыру, азаматтардың құқығын қорғау және риелторлардың жұмысын барынша ашық ету болмақ.
Ең басты өзгеріс – риелторлардың жұмысын реттейтін ортақ ереже енгізіледі. Енді маман мен клиент арасындағы келісімшартта бәрі анық көрсетілуі керек: риелтор нақты қандай қызмет көрсетеді, оның бағасы қанша, комиссия мөлшері мен төлеу тәртібі қандай және екі жақтың құқығы мен міндеті неде. Яғни, құжатта қызметтер тізбесі мен құны, комиссиялық сыйақы мөлшері, оны төлеу тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты жазылуға тиіс.
Риелтордың көмегіне жүгінбеген азаматтардан комиссия талап етуге тыйым салыну ұсынылып отыр. Клиент маманның кімнің (сатушының не сатып алушының) мүддесін қорғайтынын және нақты не үшін ақша төлейтінін алдын ала білуге тиіс.
Тағы бір бағыт – риелторларға қойылатын кәсіби талаптарды күшейту. Министрлік заңнамаға сәйкес ұлттық стандарт негізінде міндетті талаптар белгілеу мүмкіндігін қарастырады. Олар қызмет сапасына, кәсіби этикаға, мәмілелерді сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты болады.
Сонымен қатар мамандардың қажетті білімін, дағдылары мен біліктілігін айқындайтын риелтордың кәсіби стандарты әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек, риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылады. Кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне бірыңғай талаптар белгілеуге, кәсіби этиканың сақталуын қадағалауға, тұтынушылардың шағымдарын қарауға және заңбұзушылыққа жол берген мамандарға шара қолдануға қатыса алады. Аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен риелторлардың кәсіби біліктілігін растау тетігі де пысықталып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізбесіне енгізу мәселесі қаралады. Бұл мамандарды кәсіби даярлауға талап қоюға және олардың біліктілігін растауды көздеуге мүмкіндік береді. Осылайша азаматтар өздері жүгінетін риелторлардың біліктілігі туралы көбірек ақпарат ала алады.
Бүгінде министрлік пен депутаттар қызметті күштеп таңуға, әділетсіз шарт жасасуға және негізсіз комиссия өндіруге жол бермейтін қосымша заң тетіктерін талқылап жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылы тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 448 мыңнан астам мәміле тіркелген. Алайда риелторлық қызметтердің 70%-дан астамы ресми түрде тіркелмей, жасырын жүргізілген.
Сарапшылардың бағалауынша, нарықтың жалпы айналымы жылына шамамен 170 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде төленбеген салықтар мен алымдардан мемлекет бюджеті жыл сайын 22 млрд теңгеден астам шығын көреді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026