Ақтөбедегі теракт, Қордайдағы қақтығыс: ҰҚК-нің жаңа басшысы Марат Ирменов кім
ҰҚК басшылығы тағы да ауысты. Мемлекеттік құпияны қорғау, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты комитетті осы уақытқа дейін 14 адам басқарған. Олардың арасында Президент күзетінде қызмет еткендер де, кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталғандар да бар. Қазақстанның бас қауіпсіздік органын кімдер басқарды және олардың өмірбаянында қандай ортақ тұстар бар? Kursiv Media материалында.
Тоқаев күні кеше ғана «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Жақыпов пен Отыншиевты ұстаған ҰҚК төрағасы Ерлан Сағымбаевты босатты. Ол бұл қызметке елдің саяси тарихына ұмытылмастай болып жазылған 2022 жылы келген. Қаңтар оқиғасы – Тоқаев билікке келген жеті жыл ішіндегі ең үлкен дағдарыс. Қаңтардан кейін саяси элитада үлкен өзгерістер болды. Ұзақ жыл Назарбаевтың ең жақын серіктесі саналған, сол жылы ҰҚК басқарған Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық» жасады деген ауыр айыппен ұсталды. Енді оның орнына президент сенімінен шығатын тұлға керек еді. Ерлан Сағымбаев сол уақытта ҰҚК төрағасы атанды.
Сағымбаев тұсында ҰҚК статусы айтарлықтай күшейе түсті. 2025 жылы маусымда Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мемлекеттік орган деген статусын алып тастап, комитет құрамына қосты. Талай шенеуніктің қорқынышты түсіне айналған ұйым ҰҚК-ға бағынышты құрылымға айналды. Жыл соңында қазіргі ЖИ, сол кездегі Цифрлық даму министрлігіне тиесілі өкілеттілікті де комитетке берді. Нақты айтқанда, енді маңызды нысандарға қатысты мемлекеттік бақылау деген функция ҰҚК құзыретіне өтті.
Сағымбаев тұсында қамауға алынған шенді тұлғалар да аз болған жоқ. Биыл шілдеде Атырау бұрынғы әкімінің орынбасары әрі біраз уақыт міндетін атқарушы болған Тілек Махуов істі болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омар, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Жетісудағы филиалының директоры Айбек Ерғали, көлік-вице министрі Сәтжан Аблалиев, Жоғары судья төрағасы болған Светлана Жолманова қамауға алынды. Астана ЛРТ-на бөлінген миллиардтаған қаржыны жымқырды деген Талғат Арын шетелде қашып жүрген жерінен қамауға алынып, елге қайтарылды.
Төрт жыл ішіндегі Ерлан Сағымбаев басшылық еткен кездегі ең ірі іс – «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ төрағалары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев ұсталуы. Олардың қамауға алуы қоғамдық резонанс тудырды, Тоқаев шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесін шақырды. Бір күннен кейін Тоқаев Ерлан Сағымбаевпен Ақордада арнайы кездесіп, есебін тыңдаған. Ал төрт күннен кейін оны отставкаға жіберді.
Сағымбаевты орнына оның орынбасары Марат Ирменов келді. Ресми өмірбаянына сенсек, ол ҰҚК мектебінен өткен, барлық мансабын ұлттық қауіпсіздік органдарында жұмыс істеуге арнаған. Саяси ахуал ушыққан, ең «отты» өңірлердегі ҰҚК департаментін басқарғанын байқауға болады.
2016 жылы Ақтөбеде радикалды діни ағым өкілдері теракт ұйымдастырып, қару-жарақ дүкендерін тонап, Ұлттық гвардияның әскери бөлімшесіне шабуыл жасамақ болды. 25 адам қайтыс болып, қырыққа жуығы жараланған еді. Кейін осы облыстағы ҰҚК департаментін төрт жыл Марат Ирменов басқарды.
2020 жылы Жамбыл облысының департаментіне ауысты. Естеріңізде болса, Қордайдағы қазақ пен дүнген ұлт өкілдерінің арасында үлкен жанжал болып, соңы қақтығысқа ұласқан. Қазақстан тату-тәтті көпұлтты ел деген тұжырымға таңба болып тиген оқиғаға айналған еді. Ирменов осы кезеңде Жамбылға келіп, екі жыл отырды. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін оны Алматыға әкелді.
Ал 2025 жылдан бастап ҰҚК төрағасының орынбасары болған.
ҰҚК 1991 жылы сол кездегі ҚазақКСР Министрлер кабинетінің шешімімен КСРО КГБ-ның мұрагері ретінде құрылған. Кейінірек Назарбаев жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып өзгертілді. Ең алғашқысы төрағасы – Болат Баекенов. Кеңестің КГБ мектебін көрген. Үш жыл ҰҚК-ні басқарғаннан кейін Ішкі істер министрі атанды, 1997 жылы Президент күзет қызметінің бастығы болды.
Осы тұста атап өтетін қызық дүние. ҰҚК-ні басқарған 14 төрағаның басым көпшілігі Президенттің күзет қызметінде жұмыс істеген, оған жақын болған адамдар.
Баекеновтан кейін ҰҚК-ны басқарған Сәт Тоқпақбаев, Әлнұр Мұсаев, Амангелді Шабдарбаев және Ермек Сағынбаев Президент күзетінде қызметінде бірнеше жыл жұмыс істеген. Ал Нұртай Әбіқаев, Марат Тәжин, Владимир Жұмақанов ҰҚК төрағасы қызметінен кейін Президент көмекшісі атанған.
14 басшының үшеуі істі болды. 2008 Әлнұр Мұсаев мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сырттай 20 жылға сотталды. 2016 жылы Нартай Дүтбаев қызметін асыра пайдаланды деген айыппен, Кәрім Мәсімов 2024 жылы мемлекетке төңкеріс жасады деген айыппен қамауға алынды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026