Қыста көлікті қаншалықты жиі жуу керек: маман жүргізушілерге кеңес берді
Қыста көлікті сирек жуу шанақтың тот басу қаупін арттыруы мүмкін. Жолға себілетін тұз бен химиялық реагенттер көліктің сыртына ғана емес, астыңғы бөлігі мен көзге көрінбейтін қуыстарына да жиналады. Сондықтан көлікті аптасына бір рет жуу жеткіліксіз болуы мүмкін. ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов қыс мезгілінде көлікті қалай күту керегін түсіндірді.
Маманның айтуынша, шанақ пен көліктің астыңғы бөлігінде тұзды су қабаты ұзақ сақталмауы керек. Сол себепті қыста көлікті әр 7–10 күн сайын жуған жөн. Ал реагент себілген жолдарда жиі жүретін жүргізушілер көлігін шамамен әр бес күн сайын жуып тұрғаны дұрыс.
Бұл ретте тек шанақты тазалау жеткіліксіз. Дөңгелек аркалары мен көліктің астыңғы бөлігін де мұқият жуу қажет. Өйткені тұз бен кір сол жерлерге жиналып, металл бөлшектерінің коррозиясын жылдамдатуы мүмкін.
Константин Ершов көлікті жылы бокста жууға кеңес береді. Жуғаннан кейін есік құлыптарын, резеңке тығыздағыштар мен су ағатын дренаж тесіктерін сығылған ауамен үрлеп тазарту қажет.
Әсіресе есік пен жүксалғыштағы дренаж арналарына назар аударған жөн. Олар бітеліп қалса, су көліктің жасырын қуыстарында жиналып, қыс бойы коррозияға себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ көлікті еріген қар мен реагент аралас су жиналатын жерге ұзақ уақыт қоймаған дұрыс. Мұндай ортада металл бөлшектері тұзды ылғалмен ұзақ жанасып, тіпті қорғаныш қабаты болған жағдайда да тот басуы мүмкін.
Маман көлікті қысқы реагенттен қорғауға қатысты кең тараған бірнеше түсінікке де тоқталды.
Біріншісі – көліктің астыңғы бөлігін пушечное сало деп аталатын қою майлы құраммен өңдесе, көктемге дейін алаңдамауға болады деген пікір. Бұл құрал жасырын қуыстарды қорғауға жарағанымен, әмбебап шешім емес. Ол кірді жинайды, шығару жүйесінің ыстық бөлшектеріне жақын жерде еріп кетуі мүмкін. Сондықтан оны көліктің барлық астыңғы бөлігіне жағу дұрыс емес.
Екіншісі – жаңа көлікті тоттанудан қорғаудың қажеті жоқ деген түсінік. Қазіргі автокөліктердің зауыттық қорғанышы жақсы болғанымен, бояуы сыдырылған немесе металл ашылған жерлерде коррозия басталуы мүмкін. Сондықтан жаңа көліктің де кузовын зақымданудан қорғау қажет.
Үшіншісі – көлікті жуып, жылтыратса жеткілікті деген ой. Балауыз шанақта уақытша су өткізбейтін қабат қалыптастырғанымен, бояуы металлға дейін зақымданған жерлерді тот басудан қорғай алмайды.
Маманның пікірінше, көлікті қыс бойы жүйелі күту көктемде кузовты жөндеуге кететін шығынды азайтуға көмектеседі.
Тағы да оқыңыз: Қысқы реагент көлік шанағын бүлдіруі мүмкін: қалай қорғауға болады
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 14
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
15 қараша 2026