Бағасы 8,5 млн теңге: BAIC Land Rover Defender-ге ұқсас көлігін таныстырды
Қытайдың BAIC компаниясы сыртқы келбеті Land Rover Defender көлігіне ұқсайтын Xingtan 5X жол талғамайтын көлігін таныстырды. Модель электрлі және қайта қуатталатын гибрид нұсқаларында шығарылады. Бір қуатта жүретін қашықтығы 625 шақырымға дейін жетеді, ал бастапқы бағасы шамамен 8,5 млн теңгеден басталады. Компания алдын ала тапсырыс қабылдаған 23 күн ішінде 30 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл туралы CarNewsChina басылымы хабарлады.
Xingtan 5X көлігінің шанақ пішіні тікбұрышты, төбесі тегіс, ал сыртқы дизайнында тік сызықтар басым. Осы ерекшеліктері оны британдық жол талғамайтын көлікке бірден ұқсатады. Дегенмен BAIC жаңа модельді қала ішінде жүруге және табиғат аясына жеңіл сапарларға арналған отбасылық SUV ретінде ұсынып отыр.
Модельдің ұзындығы – 4 865 мм, ені – 2 000 мм, биіктігі – 1 910 мм. Дөңгелек базасы 2 875 мм-ге тең.
Электрлі нұсқасы 304 ат күшіне ие қозғалтқышпен және сыйымдылығы 81,9 кВт·сағ аккумулятормен жабдықталған. CLTC өлшем циклі бойынша бір қуатта 625 шақырымға дейін жүре алады. Ал аккумулятор қуатын 30%-дан 80%-ға дейін толықтыруға 14,5 минут қажет.
Қайта қуатталатын гибрид нұсқасы 1,5 литрлік турбо қозғалтқышпен және сыйымдылығы 50,4 кВт·сағ аккумулятормен жабдықталған. Алдыңғы жетекті нұсқасындағы электр қозғалтқышының қуаты 268 ат күшіне тең. Ол электр қуатымен 310 шақырымға дейін жүре алады.
Толық жетекті нұсқасында жалпы қуаты 536 ат күшін құрайтын екі электр қозғалтқышы бар. Бұл нұсқаның электр қуатымен жүретін қашықтығы – 285 шақырым. Сондай-ақ ол артқы дифференциалды бұғаттау жүйесімен және күрделі жол жағдайында төмен жылдамдықпен жүруге арналған режиммен жабдықталған.
Уақытша жеңілдікті ескергенде, көліктің бағасы 127 мың юаньнан (шамамен 8,5 млн теңге) басталады. BAIC барлығы жеті комплектация ұсынған. Ең қымбат нұсқасының бағасы – 172 мың юань (шамамен 11,5 млн теңге).
Xingtan 5X көлігінің сыртқы дизайны Jaguar Land Rover компаниясының назарын аударуы мүмкін. Еске салайық, бұған дейін компания BYD-ді Fangchengbao Ti 7 кроссоверінің дизайнын Land Rover Defender моделінен көшірді деген күдікпен сотқа берген болатын.
BAIC моделінің британдық көлікке ұқсастығы жекелеген бөлшектерінен ғана емес, шанағының жалпы пішіні мен пропорцияларынан да байқалады. Бұл JLR компаниясы міндетті түрде сотқа жүгінеді дегенді білдірмейді. Дегенмен Xingtan 5X дизайны компания заңгерлерінің де назарын аударуы мүмкін.
Тағы да оқыңыз: BAIC Қазақстанға қайта оралды: 7 модельдің бағасы белгілі болды
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 14
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
15 қараша 2026