Қызының ернінен сүйген әкенің әрекетінде заң бұзушылық жоқ деп танылды
Өскеменде кішкентай қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген ер адамға қатысты полиция тексеру жүргізді. Нәтижесінде оның әрекетінен қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Бұл туралы ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода ер адам қолына мерекелік торт ұстап, қызын туған күнімен құттықтаған. Кейін ол қызын ернінен сүйген. Бұл кадрлар Threads желісінде қызу талқыланып, қолданушылар арасында наразылық туғызған еді.
Асхат Дүйсембеков аталған дерек бойынша тіркеу жүргізіліп, жан-жақты тексеру ұйымдастырылғанын айтты.
«Қазіргі уақытта бұл деректі номенклатуралық іске есептен шығару туралы шешім қабылданды. Себебі қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзу құрамы анықталған жоқ», – деді ол.
Ал оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл жағдайға қатысты әзірге толық түсініктеме бере алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар балалардың жеке шекарасын қорғаудың маңызын атап өтті.
Министрдің айтуынша, биыл мектептерде «Жеке қауіпсіздік» атты жаңа курс енгізілген. Оның аясында жетінші сыныптан бастап оқушыларға арнайы тақырыптар бойынша педагог-психологтер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Әр бала өзінің жеке шекарасын қорғай білуі керек. Әр бала ненің рұқсат етілетінін, ненің болмайтынын түсінуі қажет. Меніңше, біз қазір осы бағыттағы жұмыстар арқылы алға жылжып келеміз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Тағы да оқыңыз: Тергеу изоляторында 119 бала отыр: білім алу құқығы қалай қамтамасыз етіледі
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026