69 млрд тонна кен қалдығы: министрлік 44 ірі үйіндіні аукционға шығармақ
Қазақстанда жинақталған техногендік минералдық түзілімдердің (ТМТ) жалпы көлемі 69 млрд тоннаға жеткен. Ал мемлекет меншігіндегі 44 нысан жер қойнауын пайдаланудан бос деп танылып, 2026–2029 жылдары аукционға шығарылмақ.
Бұл туралы «Әділет» партиясы фракциясы депутаттарының сауалына берген жауабында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Техногендік минералдық түзілімдер (ТМТ) – тау-кен өндіру, тау-кен өңдеу және энергетика салаларының қызметі нәтижесінде жер бетінде немесе жер қойнауында жиналған, құрамында пайдалы қазба немесе құнды компоненттер бар қалдықтар мен түзілімдер.
Бұған дейін депутаттар 150 жыл ішінде елімізде миллиардтаған тонна кен байыту қалдықтары жиналып қалғанын айтып, оларды қайта өңдеуді жеделдету үшін арнайы жұмыс тобын құруды, нысандарды түгендеуді және мемлекеттік қалдықтарды игеруге келісімшарттар әзірлеуді ұсынған болатын.
Депутаттардың дерегінше, жер бетінде ұнтақталған күйде жатқан бұл үйінділердің құрамында пайдалы компоненттер бар. Оларды игеру қосымша шығынды азайтып, моноқалалардың жағдайын жақсартуға, жерді босатып, экологияны сауықтыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, Ақмола облысында «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-ның Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кеніштерінде іске қосылған. Жылдық қуаты 7 млн тонна болатын үш фабрика осындай қалдықтарды толық өңдеп, бюджетке салық, экономикаға инвестиция мен алтын әкелген.
Депутаттар осындай табысты тәжірибені Дөң тау-кен байыту комбинаты, Жәйрем, Қоңырат, «Qarmet» (800 млн тонна) және басқа да ірі кәсіпорындардың үйінділерінде қолдану қажеттігін алға тартты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл бағыттағы жұмыстар арнайы Жол картасы мен сирек және сирекжер металдары саласын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осыған байланысты жеке жұмыс тобын құрудың қажеті жоқ деп есептейді.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына ТМТ объектілерінің 1 110 паспорты енгізілген.
Нәтижесінде 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кадастрдағы нысандар саны 1 833-ке, ал олардың жалпы массасы 69 млрд тоннаға жетті. Оның негізгі бөлігін тау-кен қазбаларын жүргізу кезінде алынған жыныстарды құрайды.
Алдағы уақытта иесіз қалдықтарды қоса алғанда, ТМТ объектілерінің цифрлық тізбесі жасалмақ. 2026 жылдың желтоқсанында далалық жұмыстарға арналған жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, 2027–2029 жылдары иесіз нысандар зерттеліп, картаға түсіріледі.
Қалдықтардың меншік иесін анықтау «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс талаптарына сай жүргізіледі (1992 жылға дейін жиналғандары мемлекет меншігінде, ал одан кейінгілері кәсіпорындарға тиесілі).
Геология комитетінің 2024 жылғы есебінде 237 нысан мемлекеттік ТМТ-ға жатқызылса, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі картографиялық тексеру қорытындысы бойынша соның 44-і жер қойнауын пайдаланудан бос деп танылған.
Министрлік заңнамаға сәйкес мемлекеттік ТМТ-ны игеру құқығы жаңа келісімшарттармен емес, лицензия негізінде берілетінін нақтылады. 2026–2029 жылдары әр учаскенің құқықтық мәртебесі, шекарасы, геологиялық деректері мен экологиялық шектеулері тексерілген соң, олар аукцион арқылы инвесторларға ұсынылады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қараша 2026