Активтер бөлінісі: ERG-дің шетелдік кеніштері Ибрагимовтерге өтіп, қарызы елде қалмақ
Eurasian Resources Group (ERG) акционерлері ірі тау-кен металлургия холдингін екі дербес компанияға бөлу туралы шешім қабылдады. Financial Times басылымының жазуынша, бұл өзгеріс активтерді сату емес, қолданыстағы акционерлер арасындағы меншік құрылымын қайта бөлуді білдіреді.
Мұндай қадам әр құрылымға даму стратегиясы мен инвестициялық басымдықтарын дербес айқындауға және нарықтағы өзгерістерге жедел бейімделуге мүмкіндік бермек.
Қайта құрылымдау аясында ERG International базасында жаңа халықаралық компания жасақталып, ол топтың негізін қалаушылардың бірі марқұм Әлижан Ибрагимовтің отбасына толықтай тиесілі болады.
Жаңа құрылымды қазіргі бас атқарушы директор әрі басқарушылар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов басқарады. Компанияда бұл таңдауды оның шетелдік нарықтардағы тәжірибесі және Қазақстанның Африка, Еуропа елдерімен экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесімен байланыстырды.
Құны 2 миллиард доллардан асатын халықаралық блок құрамына Конго Демократиялық Республикасындағы мыс пен кобальт кен орындары, сондай-ақ Замбия, Зимбабве және Оңтүстік Африка Республикасындағы жобалар кіреді.
Негізгі назар Африкадағы аса маңызды минералдарды өндіруге, шығындарды оңтайландырып, жұмыс істеп тұрған кеніштердің пайдалану мерзімін ұзартуға аударылады. Басым жобалардың қатарында жылына шамамен 100 мың тонна мыс өндіретін Metalkol және Frontier Cut 4 кеңейту жобасы бар.
Ал отандық кәсіпорындар ERG Kazakhstan атты жеке компания аясында жұмысын жалғастырады және оны мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қоры мен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп толық бақылауда ұстайды.
Бұған дейінгі үлестік құрылым бойынша холдингтің 40 пайызы мемлекетке, 39,3 пайызы Шахмұрат Мүтәліптің компаниясына, ал 20,7 пайызы Ибрагимовтер әулетіне тиесілі.
Дегенмен бөліну үдерісі тек активтерді емес, қаржылық міндеттемелерді де қайта бөлуді қамтиды: Financial Times дерегінше, топтың ресейлік банктер алдындағы қарызы қазақстандық бизнестің мойнында қалады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қараша 2026