Жыл басынан бері өндіріс көлемі 9,3%-ға артқан
Жыл басынан бері елде жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жаңа жоба іске қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Айтуынша, он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетіп отыр. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу.
«Барлық жобаларды жүзеге асыру 17 мыңнан астам жұмыс орнын, оның ішінде ауылдық жерлерде 5,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады», – деді министр.
2026 жылы елімізде жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылатын болады. Кей жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалып жатыр.
Бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.
Сонымен қатар елде тамақ өнімдерін өндіру саласына салынған инвестиция көлемі де екі еседен астам артты. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында негізгі капиталға құйылған қаражат 373 млрд теңгеге жетті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қараша 2026