«Ақ жол» депутаты маусымдық жұмысшылар мен курьерлердің салығын жеңілдетуді сұрады
Құрылысшы, такси жүргізушісі немесе курьер болып жүрген мыңдаған қазақстандық жаңа салық ережесінің кесірінен артық шығынға батып отыр. Себебі қолданыстағы заң маусымдық табыстың ауытқуын да, агрегаторлар ұстап қалатын қомақты комиссияны да ескермейді. Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов Ұлттық экономика министріне осы олқылықтарды жойып, қарапайым еңбек адамдарына әділ салық жағдайын жасауды ұсынды.
«Ақ жол» партиясының депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимінің басты кемшіліктерін атап өтті.
2026 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген өз-өзін жұмыспен қамтитын азаматтарға арналған жеке салық режимі адамдардың табысын заңдастырып, салықты жеңіл тәртіппен төлеуіне және әлеуметтік қорғау жүйесіне қатысуына жол ашты. Алайда бұл тәртіптің кейбір талаптары халықтың нақты жұмыс ерекшелігіне сай келмей отыр. Осы ретте депутат шешуді қажет ететін екі түйткілді мәселеге тоқталды:
Салық кодексінің 718-бабына сай, бұл режимді қолданатындар айына 300 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) (шамамен 1,3 млмн теңге) артық табыс таппауы тиіс.
Алайда депутттардың пайымдауынша, бұл талап туризм, құрылыс, үй жөндеу, жолаушылар тасымалдау және аумақтарды абаттандыру сияқты маусымдық жұмыстардың ерекшелігін мүлде ескермейді.
Мұндай салаларда адамдар жылдың кей айларында ғана (мысалы, жазда) жақсы табыс тауып, қыста жұмыссыз қалуы мүмкін. Салдарынан азаматтар арнайы салық режимінен шығып қалмау үшін көп жұмыс істегісі келсе де, өз табысын әдейі шектеуге мәжбүр болады.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы айлық 300 АЕК шектеуінің орнына жылдық 3600 АЕК мөлшерін белгілеуді ұсынады. Бұл өзгеріс жалпы жылдық табыс көлемін өсірмейді, тек азаматтарға жыл бойы еркін табыс табуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде көптеген азаматтар цифрлық платформалар (мысалы, Яндекс Go) арқылы жұмыс істейді. Алайда платформа комиссиясы кей жағдайда тапсырыс құнының 23%-ына дейін ұстап қалады, яғни бұл қаражат жұмысшының (жүргізуші немесе жеткізуші) қолына тимейді.
Депутат қолына түспеген ақшаны табыс ретінде есептеу әділетсіз деп есептейді. Сондықтан платформаның ұстап қалған комиссиясын алып тастап, азаматтың нақты өзіне қалған таза табысы бойынша салық есептеуді ұсынады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Жаңа салық кодексіндегі қайшылықтарды түзетіп, кәсіпкерлерге түсетін артық салмақты жеңілдетуді тапсырған болатын.
2026 жылдың 9 айында Қазақстанда 356,2 мың жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтатты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59,3%-ға көп. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жабылған жеке кәсіпкерлерлің кемінде 225,7 мыңы немесе 63,4%-ы бұрын табысы болмағандар мен өзін-өзі жұмысшылар қатарына өткен.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары 2 млн адамнан асады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қараша 2026