Жер сілкінісі болатын өңірлерде лифтілер жаңа стандарт бойынша қойылады
Елде жер сілкінісі кезінде лифтілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарт бекітілді. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ұлттық стандарт 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
«Бұл құжат сейсмикалық аймақтарда орналасқан Алматы мен елдің оңтүстік өңірлері үшін маңызды. Жер сілкінісі кезінде ғимараттың тербелуі лифт жабдықтарының зақымдануына, кабинаның қабаттар арасында тоқтап қалуына және жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан жаңа стандартта қосымша техникалық қауіпсіздік шаралары қарастырылған», – деп хабарлады министрлік.
Құжатта лифтінің сейсмикалық жүктемеге төзімділігін қамтамасыз ету талаптары қамтылған.
«Сейсмикалық жағдай анықталса, лифт арнайы жұмыс режиміне ауыстырылады», – делінген ақпаратта.
Алайда стандарт талаптарының сақталуы лифтінің кез келген жер сілкінісі кезінде қауіпсіз жұмыс істейтініне кепілдік бермейді. Жер сілкінісінен кейін лифтіні пайдалануға тек жауапты мамандар тексеру жүргізген соң ғана рұқсат етіледі.
Бұл стандарт жаңадан орнатылатын және елге әкелінетін лифтілерге қолданылады.
Бұған дейін Қазақстан мен Оңтүстік Корея лифт өндірісін дамыту бойынша бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қараша 2026