Meta Қазақстанда өкілдік ашпаса, Instagram мен WhatsApp бұғаттала ма
Құрылтай брифингінде депутат Александр Данилов Meta компаниясының Қазақстанда өкілдік ашу міндетіне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол компания бұл талапты орындамаған жағдайда Threads, WhatsApp, Instagram және Facebook платформаларының жұмысына қатысты қандай шаралар қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді.
Депутаттың айтуынша, заңда көзделген талап орындалмаған жағдайда платформаға қатысты белгілі бір шаралар қолданылады. Оның пікірінше, әлеуметтік желілердің әр елде өз өкілдігін ашуы – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан қалыпты үрдіс. Қазір компаниямен келіссөздер жалғасып жатыр.
Даниловтың айтуынша, заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысында Meta өкілдерімен онлайн байланыс орнатылған. Депутаттың атап өткендей, компания келіссөзден бас тартып отырған жоқ, жұмыс жалғасып жатыр.
«Біріншіден, нақты жағдайға қарау керек. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысында Meta өкілдерімен байланысқа шықтық… Сондықтан жұмыс жүріп жатыр», – деді депутат.
Әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы тікелей қойылған сұраққа депутат нақты жауап бермеді. Оның сөзінше, егер заң қабылданып, платформаға Қазақстанда өкілдік ашу міндеті жүктелсе, ал компания бұл талапты орындамаса, оған қатысты тиісті шаралар қолданылады. Алайда депутат қандай шаралар қарастырылатынын нақтыламады.
«Меніңше, мұндай жағдайға жетпейміз. Өйткені әлеуметтік желілердің өз өкілдіктерін ашуы – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан қалыпты үрдіс», – деді Данилов.
Онлайн-платформалар туралы заң жобалары Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттағы негізгі ұсыныстардың бірі – платформаларды Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуға міндеттеу.
Сонымен қатар заңсыз материалдарды жою туралы мемлекеттік органдардың нұсқамаларын орындамаған платформаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған.
Тағы да оқыңыз: TikTok пен Instagram-да отырған кім: телефон баланікі екені қалай анықталады
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 17
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
18 қараша 2026