Электр велосипедпен жүрген курьерлерге 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынып жатыр
Қазақстанда электр велосипедтері мен электромопедтерді техникалық байқаудан өткізу тәртібіне қатысты мәселе туындады. Курьерлер міндетті техникалық байқаудан өткені туралы құжат болмағаны үшін айыппұл арқалап жатыр. Алайда депутаттың айтуынша, мұндай көліктерді тексеруден өткізетін орын іс жүзінде жоқ. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов тексеру жүйесі реттелгенге дейін курьерлерді жазалауды уақытша тоқтатуды ұсынды.
Депутат сауалында курьерлік компаниялардың өтінішін жеткізді. Олардың бірі – «Везунчик» компаниясы 912 электр велосипедін тіркеп, әрқайсысына міндетті сақтандыру рәсімдеген. Алайда компания өкілдерінің сөзінше, техникалық байқау орталықтары электр велосипедтері мен электромопедтерді қабылдамайды.
Себебі диагностикалық желілер негізінен жеңіл көліктер мен іштен жанатын қозғалтқышы бар мотоциклдерді тексеруге арналған. Ал жеңіл электр көлігін тексерудің арнайы әдістемесі мен талаптары әзірге жоқ.
«Нәтижесінде көлік иелерінен іс жүзінде алу мүмкін емес құжат талап етіледі. Техникалық байқау жүйесінің дайын болмауына байланысты жауапкершілік мемлекет қойған өзге талаптарды орындаған азаматтарға жүктеліп отыр», – деді Асхат Рахымжанов.
Депутатқа жүгінген компаниялардың мәліметінше, полиция электр көлігін техникалық байқаудан өткізбеген жүргізушілерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша жауапқа тартады.
2026 жылы алғашқы құқық бұзушылық үшін айыппұл 5 АЕК немесе 21 625 теңге болады. Ал бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл салынады.
Бұған қоса, депутатқа жүгінген компаниялар электр көліктерінің ұсталып, айыппұл тұрағына жеткізілетінін хабарлаған. Мұндай жағдайда курьер айыппұл төлеп қана қоймай, табыс табуға қажетті көлігінен уақытша айырылып, оны сақтау шығынын да көтеруге мәжбүр.
Депутаттың сауалында кейбір курьердің толық емес жұмыс күні үшін айына шамамен 90–100 мың теңге табатыны көрсетілген. Демек, 21 625 теңге айыппұл олардың бір айлық табысының төрттен біріне жуық, ал қайталанған құқық бұзушылық үшін салынатын 86 500 теңге айыппұл айлық табысына шамалас.
Асхат Рахымжанов Көлік министрлігінен электр велосипедтері мен электромопедтерді тексеруге арналған әдістеме мен талаптардың бекітілген-бекітілмегенін, сондай-ақ оларды қай жерде техникалық байқаудан өткізуге болатынын түсіндіруді сұрады.
Егер әзірге қолжетімді тексеру тәртібі болмаса, өтпелі кезеңде көліктің жарамдылығын сервистік орталықтың қорытындысы немесе иесінің декларациясы арқылы растауға рұқсат беруді ұсынды. Сондай-ақ бұл санаттағы көліктерді белгілі бір мерзімге техникалық байқаудан босату мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды.
Ал Ішкі істер министрлігіне техникалық байқау куәлігі болмағаны үшін электр велосипедтері мен электромопед жүргізушілерін жазалауды, көліктерін айыппұл тұрағына жіберуді уақытша тоқтатуды ұсынды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қараша 2026