Қамаудағы Нұрлан Жақыпов су спорты федерациясын басқара береді
Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша қамауға алынған Нұрлан Жақыпов Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының президенті қызметінде әзірге қала береді. Оның қызметіне қатысты шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданады. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
«Ол федерация президенті болып қала береді. Тергеу аяқталғаннан кейін шешім қабылдаймыз», – деді министр.
Жақыпов федерацияны 2025 жылғы 28 наурыздан бері басқарып келеді. Ол бұл қызметте Андрей Крюковты алмастырды. Сол кезде Жақыповтың кандидатурасын бірауыздан қолдаған.
Журналистер министрден Жақыповтың қамауға алынуы «Самұрық-Қазына» қаржыландыратын кәсіби спорт клубтарына әсер ете ме деп сұрады.
««Самұрық-Қазына» бойынша жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Жеткізушілер алдындағы барлық міндеттеме орындалып жатыр», – деді Мырзабосынов.
Министр федерациялар мен клубтарға төленетін қаражатты ведомство қалай бақылайтынын нақтыламады.
Бұған дейін Kursiv Media 2018–2023 жылдары «Самұрық-Қазына» төрт кәсіби клубқа 138 млрд теңге бөлгенін жазған. Қаражат «Астана» футбол және баскетбол клубтарына, «Барыс» хоккей клубына және Astana Qazaqstan Team велокомандасына берілген.
11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады. Екеуі де сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді. ҰҚК мәліметінше, олар 12 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалды. 14 қарашада сот екеуін де қамауға алуға санкция берді.
13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы ауқымды жемқорлықты аңғартатын дабыл деп бағалады. Тергеу жалғасып жатыр. ҰҚК күдіктің нақты мән-жайын әзірге жариялаған жоқ.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қараша 2026