Көкшетаудағы «Тыныс» зауыты отандық газ баллондарын шығара бастады
Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ зауытында газ баллондары мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған арнайы клапандар өндірісі іске қосылды. Жаңа өндірістік бағыт ең алдымен ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Көкшетаудағы «Тыныс» зауытының өндірістік мүмкіндіктерімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. Сапар барысында газ баллондарын шығару бағытына ерекше назар аударылды.
Бүгінде тек Ақмола облысының өзінде 220 мыңнан астам газ баллоны қолданыста, сондықтан бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Облыс әкімі тұтынушыларды отандық өніммен қамтамасыз етумен қатар, адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бұйымдардың сапасына баса мән беру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар өңір басшысы кәсіпорын қуатын кеңейту перспективаларын бағалап, шикізат пен жиынтықтауыштарды тұрақты жеткізу және білікті мамандар даярлау мәселелеріне тоқталды.
Айта кетейік, «Тыныс» АҚ – авиациялық техника, медициналық жабдықтар, өрт сөндіру құралдары, газ қысымын реттейтін арматура және полиэтилен құбырларын шығаратын өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Зауыт өнімдері Қазақстан нарығымен қатар Ресей, Өзбекстан және Украинаға экспортталады.
Елде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері қолданыста болған. Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов оларды шұғыл ауыстыру қажет екенін айтып, ескі баллондарды айналымнан шығару тәртібін әзірлеуді тапсырды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қараша 2026