Өгізді де өлтірді, арбаны да сындырды – ҰҚК басшысы Сағымбаев неге жазықты болды
Астанадағы Атлант тұрғын үй кешенінің жанынан шабаданнан шашылған доллар көп нәрсенің басын ашып берді.
Соңғы ел аузындағы жаңалық осы. Шенеуніктеріміздің үйінің балконынан миллиондаған доллардың төгілуі. Бұл аста-төк байлық – шашу да емес, садақа да емес, мәрттікте емес. Шынтуайтында, таза айғақ. ҰҚК қызметкерлері есікті қаққанда, жаны мұрының ұшына келді. 8 шабадан ұрлықы ақшадан дереу құтылу үшін жасалған далбаса әрекет деседі.
Кейбір деректерге қарағанда, лақтырған – күдіктілердің бірінің әйелі екен. Бұл әйел ол кезде «левыйы бар, табысты» күйеуін қорғап қалуды ғана ойлаған болуы керек. Бірақ шашылған ақша үйін тінтуге келген құрылымның үлкен басшысын орынтағынан айырып, «есе қайтарамын» деп болжамағаны анық.
Аспаннан доллар жауған күні екі шенеунік пара алу күдігімен ұсталғаны мәлім. Олар – «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев.
Білетіндердің айтуынша, мұндай шабадандарға алты миллионға жуық доллар сыйып кетеді екен.
Ал ҰҚК-ның сол кездегі басшысы Ермек Сағымбаевтың күткені марапаттан өзге дәнеңе емес еді. Өйткені, екі ірі жемқорлыққа қатысты күдіктіні ұстап отыр. Қылмысқа құрық салған тұлға ретінде құрметке лайық. Қоғамның жегі құртын жоюға бір кісідей үлес қосты. Бір сөзден айтқанда, комиссар Каттани. Бірақ бұл іс үшін «экс» атанып, орынтағынан айырыламын деп әсте күтпегені анық. Жұрт та күтпеді. Сондықтан аң-таң. «Неге?» деген сұрақ қойыла бастады.
Мұның себебі биік мінберлерден түсіндірілді де. Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров «жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен лауазымды тұлғалардың ұсталуына байланысты жағдай да әсер еткенін» жасырмады. Оның айтуынша, күштік құрылым қызметкерлері тарапынан қателіктер жіберілген.
Десе де, Ермек Сағымбаев өгізді өлтіріп, арбаны да сындырып алғанын әлі де түсінбей жүргеніне бәс тігуге болар.
«Самұрық-Қазына» қоры – Қазақстанның бар байлығын уысында ұстаған ұлттық компанияларды басқаратын холдинг. Яғни, экономиканың күре тамыры. Елдің табысы мен қаржысының орасан зор бөлігі осы жерде шоғырланады. Үстірт қараған адамға үй ішінен тігілген үйге де ұқсайды. Бұл – басқаруға да, бақылауға да жеңіл. О баста алып холдингтің құрылуына түрткі болған осы мақсат.
Сонда Сағымбаевтың сағын сындырған не? Бақылау қаншалықты күшті болса да, жұмыртқадан жүн қырыққандар ебін тауып, пара алып, түйені түгімен жұтып жатқаны әшкере болды. Бұл – бақылағандарға да, тағайындағандарға да сын.
Әдетте, әлемде ірі жемқорлық қоғамдық дүмпу тудырады. Бақылауға, жемқорлыққа қарсы күреске, шенеуніктердің тазалығына қатысты түрлі сауал тудырады. Тегеурінді талап қойыла бастайды.
Ал бізде үнсіздік. Өйткені, саяси партиялар мен қозғалыстар сайлау кезінде ғана ұйқысынан оянады. Сондықтан қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға үн қата бермейді. Қоғамның өзі де монтаны.
Қарапайым адамдар: «Ақша шашылған жерде мен неге болмадым. Шіркін, теріп алсам ғой. Шелектің түбін жалай алмай қалдым» деген өкініш білдіріп жатыр. Тіпті, кейбір астаналықтар шашылған доллардың қалған-құтқанын іздеп, бұталардың түбін тінтіп жүрді. Біраз уақытқа дейін. Қас қарайғанша. Қараңғы жамылғанда, шырағдан жағып, әлек болғандар да бар.
Мұны, яғни, қолының сұғы бар шенеунікті, балконнан шашылған миллиондаған долларды, лас ақшадан дәмелі тұрғандарды әлеуметтік желі арқылы бүкіл әлем көрді.
ҰҚК-ның негізі міндеті – ұлттық қауіпсіздікті ын-шыңсыз қорғау. Жемқорлық – басты жаулардың бірі. Ал балконнан шашылған ақша түрімізді айнадағыдай айқын көрсетіп қойды. Өзімізге де, өзгеге де. Ермек Сағымбаевтың жіберген қателігі осы болса керек деп топшылауға болады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қараша 2026