Астанада алғаш рет допингке қарсы халықаралық ұйымның (WADA) отырыстары өтеді
23–27 қараша аралығында Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитеті мен Құрылтайшылар кеңесінің отырыстары өтеді. Мұндай жиындар Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрлік бұл оқиғаны халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген сенімінің белгісі деп бағалайды.
Сондай-ақ ел алдағы жылдары да ірі халықаралық жарыстар мен спорттық жиындарға алаң болмақ.
2027 жылы Қазақстанда бокстан, дзюдодан, үстел теннисінен, таеквондодан және киберспорттан әлем чемпионаттары өтеді. Бұдан бөлек, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылады.
Сондай-ақ 2027 жылы Астанада УЕФА-ның 51-конгресі алғаш рет өтеді. Жиынға Еуропаның 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, УЕФА басшылығы және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады.
Қазақстан 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізу құқығына ие болды. Министрлік мұндай халықаралық жарыстар елдің спорт инфрақұрылымын дамытуға және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тағы да оқыңыз: Легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салғалы 8 млрд теңге үнемделді
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қараша 2026