Алматыда университет аумағында өрт шықты
20 қараша күні таңертең Алматының Медеу ауданындағы төрт қабатты ғимараттан өрт шықты. Ғимаратта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті орналасқан.
Желіде пайда болған ақпаратқа сүйенсек, сағат 05:00 шамасында Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысында күйіктің өткір иісі сезілген. Көп ұзамай оқиға орнына бірнеше полиция экипажы мен өрт сөндіру көліктері келген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі шақыртудың жұма күні таңертең түскенін растады.
«Бүгін таңертең Алматы қаласының Медеу ауданындағы Абай даңғылында орналасқан төрт қабатты ғимаратта өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына ТЖД бөлімшелері дереу жетіп, өртті сөндіруге кірісті. Жалын ғимараттың екінші қабатынан шыққан. Өрт 126 шаршы метр аумақта толығымен сөндірілді. ТЖД күшімен екі адам эвакуацияланды», — делінген ТЖМ хабарламасында.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкенттегі дарынды балалар интернатының жатақханасынан өрт шыққан еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026