Хакерлер Visa мен Mastercard клиенттерінің жеке деректерін жайып салды
Хакерлік Visa, Mastercard және JPMorgan Chase клиенттеріне қатысты маркетингтік деректерді ұрлап, кейін оларды даркнетте жариялаған. Шабуыл компанияларға қызмет көрсететін үшінші тараптың жүйесі арқылы жасалған.
Киберқылмыскерлер компаниялардан ұрланған ақпаратты қайтару үшін 48 сағат ішінде ақша талап еткен. Алайда төлем жасалмаған соң, қолды болған деректерді интернеттің жасырын сегментіне орналастырған.
Euronews хабарлағандай, JPMorgan Chase банкі кибершабуыл болғанын растады. Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша, шабуылдаушылар қызмет көрсетуші компанияларда сақталған кейбір маркетингтік деректерге қол жеткізген. Олардың арасында клиенттердің аты-жөні мен электрондық пошта мекенжайлары болуы мүмкін.
Банк қаржылық ақпараттың ұрланбағанын және өз қызметтерінің жұмысына шабуыл әсер етпегенін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл оқиғаның апта басында клиенттер тап болған техникалық ақауларға қатысы жоқ екенін атап өтті.
Киберқауіпсіздікпен айналысатын SOCRadar компаниясының мәліметінше, шабуылға n0n деп аталатын хакерлік топ жауапкершілікті өз мойнына алған. Топ шабуылды растау үшін құжаттар жариялағанымен, SOCRadar олардың шынайылығын тәуелсіз түрде тексере алмаған.
Компания дерегінше, топ Ресейден шыққан және биыл қыркүйек айында пайда болған. Хакерлер әлем бойынша 200-ге жуық компанияның жүйесін бұзғанын мәлімдейді.
Visa компаниясы да шабуыл туралы ақпараттан хабардар екенін растады. Оның мәліметінше, оқиға Азия-Тынық мұхиты аймағында жұмыс істейтін қызмет көрсетушіге қатысты болған. Компанияның өз жүйелеріне шабуыл жасалмаған, төлем деректері, соның ішінде банк карталарының нөмірлері ұрланбаған.
Mastercard та шабуыл салдарынан белгілі бір жеңілдіктер бағдарламасына қатысатын карта иелерінің төлемге қатысы жоқ шектеулі көлемдегі ақпараты жария болғанын хабарлады. Қазір компания зардап шеккен клиенттерге қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін қызмет жеткізушімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Оқи отырыңыз: АҚШ банктеріндегі ақау: мыңдаған клиент ақша аудара алмай қалды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026