Алматы тұрғындары үшін «құқықтық дәріхана» жұмыс істейді
Алматы қаласында қала прокуратурасының «Құқықтық дәріхана» әлеуметтік жобасы жұмыс істеп тұр.
Прокуратураның мәліметінше, жоба азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
«Әр жұма сайын сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін Dostyk Plaza және MART сауда-ойын-сауық орталықтарында Алматы қаласы прокуратурасының қызметкерлері тұрғындар мен қала қонақтарына тегін құқықтық кеңес береді», – делінген хабарламада.
Жоба аясында әрбір азамат прокуратура қызметкерлеріне тікелей жүгініп, қолданыстағы заңнама бойынша түсіндірме алуға, өзін толғандырған сұрақтарын қоюға және заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жолдары жөнінде кеңес алуға мүмкіндік алады.Жобаның басты ерекшелігі – оның ашықтығы мен қолжетімділігі. Азаматтарға мемлекеттік мекемелерге арнайы барудың немесе алдын ала қабылдауға жазылудың қажеті жоқ. Белгіленген уақытта аталған сауда-ойын-сауық орталықтарының біріне келіп, құқықтық кеңес алу жеткілікті.Алматы қаласының прокуратурасы қала тұрғындары мен қонақтарын тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігін пайдалануға шақырып отыр.
Айта кететін жайт, Алматы прокуратурасы мұның алдында жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мемлекеттік сараптамадан өтпеген жоба үшін 202 млн теңге төлегенін анықтаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026