«Тойға қонақ келмейді»: сарапшы ҚТЖ-ның IPO-сына инвесторлар күдікпен қарайды дейді
Өткен аптада басшысы ұсталған «Қазақстан темір жолы» компаниясының акциялары қашан жария сатылымға шығары белгісіз. Бұл туралы QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев Kursiv Talks барысында айтты.
Үкімет бұған дейін ҚТЖ-ның IPO-сын 2026 жыл соңына дейін үш бірдей биржаға орналастыруға ниеттенген.
«ҚТЖ-ны IPO-ға шығару туралы шешімді акционері – «Самұрық-Қазына» қоры қабылдайды. «Самұрық-Қазынаның» да, ҚТЖ-ның да басшылары қамауда отырған кезде, қордың директорлар кеңесі ондай шешім шығара алмайды. Сондықтан бұны ескеру керек», – дейді QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев.
Маманның айтуынша, бұл мәселеге қор біраз уақыт өткізіп барып қайта оралуы мүмкін.
«ҚТЖ-ны басшысы ұсталғанын ескерсек, ол жерде сыбайлас жемқорлық бар деген сөз. Тіпті осы жайттардан кейін, тәуекелге барып IPO-ға шығарған күннің өзінде, инвесторлардың көкейінде «компания бастығы ұсталып кетті емес пе» деген сауал тұрары анық», – дейді сарапшы.
Темірбаев компанияның ішкі жағдайы реттеп алмайынша, инвесторларда ҚТЖ-ның акциясын сатып алуға құлшыныс болмайтынын айтады.
«IPO дегеніміз – той секілді. Оған да жақсылап дайындау керек. «Ұзатылатын қыз» сәнімен қатар, жан-дүниесімен жаулап алуы қажет. Әйтпесе болашақ күйеу балаларды шошытып алады. Қор мен ҚТЖ компанияның акцияларын жария сатылымға шығарған күннің өзінде бұл «тойға» көп қонақ келмейтіні анық», – дейді сарапшы.
Темірбаев осы ретте ҚТЖ-ның IPO-сы бірнеше рет кейінге шегерілгенін айтып өтті. Ал компания басшылығының ұсталып, оған қатысты тергеу жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз болып тұрғандықтан, акциялары жақын арада жария сатылымға шықтайтыны анық.
Айта кетейік, 12 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Ол Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтты.
Айта кетейік, Елжас Отыншиевтің аталған қызметте небәрі 4 ай ғана жұмыс істеген. Ол 2026 жылдың 20 шілдесінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының төрағасы болып тағайындалған еді.
Ал «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұл қызметке 2023 жылдың сәуірінде келген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026