Павлодарда 40 млн теңге шығын келтірген интернет-алаяқтар тобы ұсталды
Павлодар облысының полициясы интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен төрт адамды ұстады. Іс бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 40 млн теңгені құрайды, деп хабарлады ІІМ.
Полицияның мәліметінше, топ ақпараттық технологияларды пайдаланып, келісілген сызба бойынша тұрғындардың қаражатын заңсыз иемденген.
«Полицейлер төрт күдіктіні ұстады. Бүгінгі таңда тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды, келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңгені құрайды», – деп хабарлайды ІІМ.
Жәбірленушілер саны артуы мүмкін. Қазір әр күдіктінің рөлі мен өзге де осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.
SIM-карталарды заңсыз қолдану және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру ісіне қатысы бар тұлғалар ұсталып, олардан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банктік карта және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді. Жалпы осы кезеңде интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен шамамен 33 адам ұсталған, оның үшеуі – кәмелетке толмағандар.
Полиция тұрғындарды желідегі қаржылық операциялар кезінде сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және бөгде адамдарға жеке деректерді, банк реквизиттерін мен SMS-кодтарды бермеуге шақырады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026