BYD жиналмалы рөлі бар жаңа Leopard Ti 9 көлігін нарыққа шығарды
Қытайдың BYD компаниясы жиналмалы рөлі бар жаңа гибрид кроссовер – Leopard Ti 9 моделін нарыққа шығарды. Көлік 536 ат күшіне ие, ал өндіруші мәлімдеген жалпы жүріс қоры 1 630 шақырымға дейін жетеді. Жаңа модель Қытайда үш түрлі жинақтамамен ұсынылған. Қазақстанға жеткізілуі әзірге белгісіз.
Leopard Ti 9 Қытайда Fang Cheng Bao брендімен сатылады. Көлікке 1,5 литрлік турбомотор және екі электр қозғалтқышы орнатылған. Қондырғының жалпы қуаты – 400 кВт немесе шамамен 536 ат күші. Кроссовер сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 4,8 секундта жетеді.
Сыйымдылығы 66,48 кВт·сағ Blade 2.0 аккумуляторы электр қуатымен 400 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Бұл – CLTC сынақ циклі бойынша көрсеткіш. Ал бензин қозғалтқышын қоса есептегендегі жалпы жүріс қоры 1 630 шақырымға дейін жетеді.
Аккумулятор қуаты таусылған жағдайда отын шығыны 100 шақырымға 6,4 литрді құрайды. BYD мәліметінше, батареяны 10%-дан 97%-ға дейін қуаттауға тоғыз минут жеткілікті.
Leopard Ti 9-дың басты ерекшелігі – жиналмалы руль. Бұл функция көліктің ең қымбат жинақтамасында қолжетімді. Руль 180 градусқа дейін бұрылып, 10 секунд ішінде толықтай алдыңғы панельге жиналады. Соның арқасында жүргізуші орнындағы кеңістік ұлғаяды.
Алайда бұл мүмкіндікті көлік қозғалып келе жатқанда пайдалану мүмкін емес. Рөлді тек көлік тоқтап тұрғанда немесе автоматты тұраққа қою кезінде жинауға болады.
Салонда 30 дюймдік панорамалық экран және артқы жолаушыларға арналған төбедегі 21,4 дюймдік дисплей бар. Сонымен қатар 11,5 литрлік тоңазытқыш, сымсыз қуаттау құрылғысы, жылыту, желдету және массаж функциялары бар орындықтар қарастырылған.
Электронды көмекшілердің жұмысын лидармен жабдықталған God’s Eye B жүйесі басқарады.
Кроссовердің ұзындығы – 5 270 мм, дөңгелек базасы – 3 130 мм. Модель артқы дөңгелектерді бұру жүйесімен, дифференциалды бұғаттау және тарту күшін бөлу жүйесімен жабдықталған. Өндірушінің мәліметінше, Leopard Turn режимінде көліктің бұрылу радиусы 3,5 метрге дейін қысқарады.
Қытайда Leopard Ti 9 үш жинақтамамен сатылады. Олардың бағасы 279,9 мыңнан 329,9 мың юаньға дейін, бұл шамамен 18,9–22,3 млн теңге.
Әзірге жаңа модельді Қазақстанға жеткізу туралы ресми ақпарат жоқ. Дегенмен Leopard 3 және Leopard 5 көліктеріне жергілікті сатып алушылардың қызығушылығын ескерсек, жаңа ірі кроссовер де нарық назарын аударуы мүмкін.
Тағы да оқыңыз: BYD Rolls-Royce пен Bentley-ге бәсекелес бола алатын люкс-седанын таныстырды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
20 қараша 2026