60 банк SWIFT-тен ажырайды: Еуроодақ Ресейге қарсы кезекті санкция пакетін әзірледі
Еуропалық комиссия Ресейге қарсы 22-ші санкциялар пакетін таныстырды. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа шектеулер Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға қысым жасау мақсатында әзірленген және Мәскеу тұрақты бейбітшілікке шынайы ниет танытқанға дейін санкциялар жалғаса береді.
Жаңа пакет Ресейдің қаржы және энергетика секторлары, сондай-ақ қолданыстағы тыйымдарды айналып өтуге көмектесетін үшінші елдердің компанияларына бағытталған.
Шамамен 60 ресейлік банкке қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынып, олар халықаралық SWIFT жүйесінен ажыратылады. Сонымен қатар криптовалюта платформалары мен төлем желілеріне қосымша шектеулер енгізіледі. Урсула фон дер Ляйеннің сөзінше, басты назар тек Ресейге ғана емес, оған санкцияларды айналып өтуге көмектесетін үшінші елдерге де аударылмақ.
Осы бағыттағы бақылауды күшейту үшін Еурокомиссия арнайы криптовалюталық жұмыс тобын құрды. Айта кетейік, 2026 жылғы 23 шілдеде қабылданған алдыңғы 21-ші санкциялар пакетінде Ресейдің 32 банкі мен мұнай кемелеріне шектеу қойылған.
Еуропа компанияларына Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымын, атап айтқанда мұнай өңдеу зауыттарын салу, пайдалану және жөндеуге көмектесуге толық тыйым салынады. Бұл шектеу алғаш рет электр энергетикасы қызметтерін де қамтиды. Бұдан бөлек, Ресейдің «көлеңкелі флотындағы» 70-тен астам кеме тізімге қосылып, Ресейде сақтандырылған барлық танкерлерге тыйым салу ұсынылды.
Еуропада ресейлік агенттердің әрекеттері жиілеуіне байланысты қауіпсіздік шарасы ретінде Ресейдің бұрынғы әскери қимылдарға қатысушыларына Еуроодақ елдеріне виза беруге тыйым салынбақ. Сондай-ақ Еуропалық одақ азаматтарына ресейлік компаниялардың басқарушы органдарында қызмет атқаруға шектеу қойылады.
Еуроодақ аумағында өтетін кез келген спорттық жарыстарда ресейлік командалар мен спортшылардың Ресей туы астында өнер көрсетуіне және ресми рәміздерді пайдалануына тыйым салынады. Бұған қоса, ресейлік демеушілерден еуропалық спорт және мәдениет бірлестіктеріне түсетін қаржы ағыны шектеліп, Ресей азаматтарының Еуропада орналасқан спорт федерацияларының басшылық құрамында болуына тосқауыл қойылады.
Ұсынылған бұл шаралар – әзірге Еуропалық комиссияның жобасы. Олардың күшіне енуі үшін Еуроодаққа мүше барлық 27 мемлекеттің келісімі қажет.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 23
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
24 қараша 2026