Ақтөбе облысында 82 млн теңге жымқырған үш мектеп бухгалтері сотталды
Шалқар ауданында 82 млн теңгеден астам бюджет ақшасын жымқырған үш мектеп бухгалтері сотталды. Олар үш жыл бойы директордың ЭЦҚ-сын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра аудару арқылы ақша өндіріп отырған.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Шалқар ауданының прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын талдау барысында мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу түрінде 82 млн теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтады.
Тергеу мәліметінше, «№5 мектеп-лицейі» КММ-нің бас бухгалтері өзге есепшілермен бірге 2021-2024 жылдар аралығында директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны негізсіз асыра есептеп аударуды ұйымдастырған. Қызметкерлер артық түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге қайтарып отырған.
Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша қылмыстық іс тіркеді.
Шалқар аудандық сотының үкімімен үш кінәлі тұлға сотталды. Бас бухгалтерге 8 жыл, ал қалған екі сотталушыға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, барлық сотталған адамға 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.
2026 жылдың шілдесінен бастап басшының ЭЦҚ-сын бухгалтерге беруге тыйым салынды. Ережені бұзған екі тарапқа да ірі көлемде айыппұл қарастырылған.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 22
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қараша 2026