Асаубаевамен ойнаудан бас тартқан Карлсенді FIDE жазалауы мүмкін
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Венгрияның Будапешт қаласында өткен Total Chess Pilot-2026 турнирінде шахматшылардың жоспарланған партияларға қатысудан бас тартуына алаңдаушылық білдірді. Федерация әсіресе әлемнің бұрынғы чемпионы Магнус Карлсеннің әрекетін сынға алды.
FIDE мәліметінше, турнир барысында кейбір шахматшылар қарсыласымен кездесудің жалпы нәтижесі алдын ала белгілі болғаннан кейін қалған партияларды ойнаудан бас тартқан.
Алайда Магнус Карлсен ресейлік гроссмейстер Владислав Артемьевке қарсы екі күн ішінде үш партияға қатыспаған. Федерация бұл кезде екі шахматшы арасындағы кездесудің тағдыры әлі шешілмегенін атап өтті.
Ұйым мұндай әрекеттер адал ойын қағидалары мен жарыстың әділ өтуіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді. Сонымен қатар ойналмаған партиялар турнирдің қорытынды нәтижелеріне айтарлықтай әсер еткен.
«FIDE мұндай әрекетті қабылдауға болмайды деп санайды. Бұл ресми жарыстарға қатысушылардан күтілетін кәсіби мінез-құлық стандарттарына сәйкес келмейді. Карлсеннің гроссмейстер ретіндегі мәртебесі мен шахматты танымал етуге қосқан үлесін ескерсек, оның әрекеті ерекше алаңдаушылық туғызады. Өйткені бұл жарыстың беделіне нұқсан келтіріп, қарсыластарына, көрермендерге және турнир серіктестеріне құрметсіздік ретінде қабылдануы мүмкін», – делінген федерацияның мәлімдемесінде.
FIDE тиісті материалдарды ұйымның Этика және тәртіп мәселелері жөніндегі комиссиясына (EDC) жолдайтынын хабарлады. Комиссия шахматшылардың әрекетінде этикалық және тәртіптік кодекс талаптарының бұзылу белгілері бар-жоғын тәуелсіз бағалайды.
Бұған дейін Магнус Карлсен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваемен ойнаудан бас тартқан еді.
Екі шахматшы плей-офф кезеңінің бесінші торындағы жартылай финалда кездесті. Норвегиялық гроссмейстер блицте үш партияда жеңіске жетіп, бір ойында тең түсті. Кейін рапидтегі екі кездесуде де басым түсті.
Осы нәтижелерден кейін Карлсен жылдам классикалық шахмат форматындағы партияға шықпау туралы шешім қабылдады. Оған техникалық жеңіліс тіркеліп, сегіз ұпай автоматты түрде Асаубаеваға берілді. Турнир қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева 24 қатысушының арасында 20-орынға тұрақтады.
Әзірге Карлсенге қандай да бір тәртіптік жаза қолданылғаны туралы ақпарат жоқ. FIDE комиссиясы ұсынылған материалдарды қарап, тиісті қорытынды шығаруы тиіс.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 22
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қараша 2026