Тоқаев құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесуде заң шығару жұмысының нәтижелері, республикалық бюджет және жасанды интеллект технологияларын парламент қызметіне енгізу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдаған. Қазір тағы 38 заң жобасы қаралып жатыр.
Құрылтай жұмысында президенттің бірінші сессияның ашылуында және Қазақстан халқына жолдауында айқындаған міндеттерін заңнамалық тұрғыдан іске асыруға басымдық берілген.
Кездесу барысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны айтылды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылған.
Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Сонымен қатар жаңа азаматтық кодекс әзірленіп жатыр. Балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша заңнамалық бастамалар пысықталуда.
Айбек Дәдебай президентке қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шаралары туралы да баяндады.
Атап айтқанда, заңдардың іс жүзінде қолданылу тиімділігін және қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға арналған заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілген. Бұдан бөлек, заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасып жатыр.
Женевада өткен парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллектке негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылған.
Кездесуде Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту мәселесі де қаралды. Сессия басталғалы депутаттар өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 сауал жолдаған.
Азаматтар көтерген мәселелер алдағы заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескерілмек. Сондай-ақ мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылған. Балалардың құқықтарын қорғау бағытында ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық орнатылған.
Айбек Дәдебай Құрылтайдың сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлердегі және халықаралық серіктестермен байланысы нығайып келе жатқанын жеткізді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
23 қараша 2026