DeFi нарығы: цифрлық активтерді кепілге қойып кредит берілуі мүмкін
Қазақстанда түрлі цифрлық активтерді кепілге қойып қарыз беру ұсынылып отыр, бұл туралы Ұлттық банк әзірлеген «Орталықтандырылмаған қаржы. Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері және реттеу тәсілдері» атты құжатта жазылған.
Жарияланған құжатта:
Орталықтандырылмаған қаржы, немесе DeFi, цифрлық активтерді автоматты түрде айырбастауға, кепілмен қарыз беруге, кірістерді бөлуге және дәстүрлі қаржылық қызметтердің кез келген түрін дерлік делдалсыз алуға мүмкіндік береді. Бұл операцияларды блокчейндегі бағдарламалар – смарт-келісімшарттар орындайды», – делінген.
Цифрлық активтер – қаржылық операциялар жасауға, соның ішінде айырбастауға немесе кепіл ретінде пайдалануға болатын активтердің не оларға деген құқықтардың цифрлық нысаны.
DeFi — бұл блокчейнге негізделген қаржылық сервистер, мұнда қарыз беру сияқты операциялар дәстүрлі делдалсыз смарт-келісімшарт ережелері бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.
Кепілмен берілетін қарыз қалай жұмыс істейді
Пилоттық жоба аясында несиены банктер бермек. Ал платформа операторы техникалық орындалуын қамтамасыз етеді: кепілді есепке алады, пайыздарды есептейді, оның құнын бақылайды және шартта көзделген хабарламаларды жібереді.
Қарыз алушылар заңды тұлғалар мен білікті инвесторлар болады. Олар цифрлық қаржылық активті кепілге қойып, теңгемен қарыз ала алады. Егер кепіл құны төмендесе, алдымен қарыз алушыға хабарланып, қамтамасыз етуді толықтыруға немесе қарызды ішінара өтеуге мүмкіндік беріледі. Белгіленген шекке жеткен жағдайда кепіл мәжбүрлі түрде сатылуы мүмкін.
Пилот 12 айға дейін жұмыс істейді. Кепілді сату келісілген платформа арқылы негізделген бағамен жүргізіледі. Клиентке жасалған операция, өтелген сома және қалған активтер туралы ақпарат берілуге тиіс. Шартта сондай-ақ комиссиялар, мерзімінен бұрын өтеу шарттары, талап-арыздарды қарау және дауларды шешу тәртібі жазылмақ.
Теңгелік стейблкоиндер мен валюталық цифрлық қаржылық активтер кепіл ретінде қабылданбайды.
Реттеуші қазіргі кезеңде DeFi туралы жеке заң әзірлеу қажет емес деп санайды, ал қолданыстағы нормаларды өзгерту қажеттілігін пилоттардың нәтижелері бойынша айқындау керек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
23 қараша 2026