ҚТЖ-дағы жемқорлық: Наталья Годунова сатып алу жүйесіндегі проблеманы атады
Құрылтай депутаты Наталья Годунова ҚТЖ компаниясының директорлар құрамында екі жыл қызмет еткен адам ретінде өз пікірін айтты.
Оның айтуынша, ҚТЖ-ға қатысты айтылып жатқан айыптауларға байланысты әзірге нақты пікір білдіру ерте. Алдымен тергеу нәтижесін күту керек.
Сонымен қатар ол квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жүйесінде бұрыннан келе жатқан мәселелер бар екенін атап өтті.
Оның сөзінше, Жоғары аудиторлық органды басқарған кезінде және ҚТЖ-да жұмыс істегенде сатып алудың едәуір бөлігі конкурстық рәсімдерсіз жүргізілетінін байқаған. 2021–2022 жылдары бұл көрсеткіш квазимемлекеттік секторда шамамен 70%-ға жеткен.
«Қазір теміржол саласына қажетті бірқатар өнім Қазақстанда өндіріледі. Олардың қатарында қуатты трансформаторлар, желілік коммутаторлар, қысым датчиктері, радиостанциялар мен бағыттамалы бұрмалар бар»,- деді Годунова.
Сондай-ақ ҚТЖ арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Компанияның алдына транзит көлемін 55 млн тоннаға жеткізу міндеті қойылған.
Депутат бұл мақсатқа қол жеткізуге болатынын айтып, жобаларды іске асыру кезінде елеулі заң бұзу анықталады деп ойламайтынын жеткізді. Дегенмен нақты қорытындыны тергеу нәтижесі көрсететінін атап өтті.
Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясының директорлар кеңесінің басым бөлігі – Қазақстан азаматтары. Шетел азаматтары арасынан тек екі-үш тәуелсіз директор бар. Олар теміржол саласының тәжірибелі мамандары.
Сондай-ақ директорлар кеңесінің жанында комплаенс қызметі мен ішкі аудит қызметі жұмыс істейді. Олардың жұмысына қатысты мәселелер кеңес отырыстарында тұрақты түрде қаралып отырған. Спикердің сөзінше, бұл бағыттағы тәуекелдер бақылауда болған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы аз ғана лауазымды тұлғамен шектеледі деп үміттенемін», – деді ол.
Тағы да оқыңыз: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары қамауда отыр – ҰҚК
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
23 қараша 2026