Орталық депозитарийдегі инвестор шоты 6 миллионнан асты: нарықта кім белсенді
«Бағалы қағаздар орталық депозитарийіндегі» (KCSD) инвестор шоттарының саны 6,01 миллионға жетіп, жыл басынан бері 950 мың шотқа көбейген. Бұл туралы басқарма төрағасы Иван Сердюк мәлімдеді.
Нарықтың белсенділігі сауда көлемі мен клиенттер құрамынан да байқалады. Жыл басынан бері депозитарий арқылы 523 мың мәміле жасалған. Ол 2025 жылдың 10 айымен салыстырғанда 11 пайызға артық.
2026 жылдың басынан бері брокерлік шоттар саны 18,8 пайызға өскен. Ал инвестор шоттарының саны 2023 жылғы 1 қаңтардан бері 6 есе артты.
Депозитарий клиенттерінің жалпы саны 127-ге жетсе, олардың 56-сы – шетелдік қатысушылар.
Орталық депозитарий деректеріне сүйенсек, бөлшек инвестор портреті (тек KCSD-де ашылған қосалқы шоттар бойынша, омнибус-шоттарды есепке алмағанда) соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша шот иелерінің ішінде ерлер 49,8 пайызды, әйелдер 49,4 пайызды құрап, көрсеткіштер теңескен. Салыстырар болсақ, 2021 жылғы 1 қарашада әйелдердің үлесі 41,0 пайыз болса, ерлердің үлесі 58,7 пайыз болған.
Қосалқы шот бойынша 35–54 жас аралығындағы инвесторлар басым. Одан кейінгі орында 25–34 жастағы топ тұр.
Инвесторлардың басым бөлігі ірі мегаполистерде тұрады. Алматы қаласы 159,9 мың қосалқы шотпен көш бастап тұр. Ал екінші орындағы Астана тұрғындары 73,6 мың шот ашқан. Үздік үштікті 62,7 мың шотпен Түркістан облысы түйіндесе, төртінші орынға Шымкент қаласы (49,1 мың) жайғасқан.
Орталық депозитарий — Қазақстан қаржы нарығының саудадан кейінгі қызметтер көрсететін негізгі инфрақұрылымдық ұйымы. Шамамен 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекеме бағалы қағаздарды есепке алу мен сақтау, мәмілелер бойынша есеп айырысуды, меншік құқығының өтуін тіркеуді және бағалы қағаздар иелерінің тізілімін жүргізеді.
Сонымен қатар депозитарий дивиденд, сыйақы төлеу және өтеу операцияларына қызмет көрсетеді. Қаржы құралдарына ISIN, CFI және FISN кодтарын береді, биржадан тыс мәмілелерді тіркейді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 қараша 2026