Шағын бизнеске салынатын салық 2027 жылы екі есе өсуі мүмкін – «Ақ жол» фракциясы
2027 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолданатын шағын кәсіпкерлердің салық мөлшерлемесі 2–3%-дан 4%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұған мәслихаттардың 1 желтоқсанға дейін мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдап үлгермеу қаупі себеп. «Ақ жол» фракциясы Үкімет пен өңір әкімдерінен мәселені шұғыл шешуді сұрады.
Партияның мәліметінше, Салық кодексінің 726-бабына сәйкес, АСР мөлшерлемесін төмендету туралы шешімдер олар қолданысқа енгізілетін жылдан бұрынғы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы керек. Демек, 2027 жылы төмендетілген мөлшерлемені қолдану үшін тиісті мәслихаттар шешімді 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін бекітуі қажет.
Алайда биыл 12 қазанда бұрынғы мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, жаңа депутаттардың сайлауы 29 қарашаға белгіленді. Ал жаңадан сайланған мәслихаттың алғашқы сессиясы депутаттар тіркелгеннен кейін 30 күнге дейінгі мерзімде шақырылуы мүмкін. Осыған байланысты жаңа құрамдағы мәслихаттардың қажетті шешімді уақытында қабылдауы екіталай.
«Ақ жол» фракциясы мәслихаттар 1 желтоқсанға дейін тиісті шешім қабылдамаса, АСР мөлшерлемесі бүкіл ел бойынша автоматты түрде 4%-ға дейін өсетінін ескертті. Бұл бұрын салық мөлшерлемесін 2–3%-ға дейін төмендеткен қалалар мен аудандарға да қатысты.
«Нәтижесінде, шағын кәсіпкерлер 2027 жылы АСР төмендетілген мөлшерлемесін қолдану мүмкіндігінен айырылу қаупіне ұшырайды», – делінген депутаттық сауалда.
Партияның мәліметінше, 2023 жылғы сәуірден бері депутаттар осы мәселе бойынша орталық және жергілікті деңгейлерге 30-дан астам сауал жолдаған. Соның нәтижесінде республикалық маңызы бар үш қалада, облыстық маңызы бар 32 қалада және 91 ауданда салық мөлшерлемесі 2–3%-ға дейін төмендетілген. Мұндай шешімдер 2024 және 2025 жылдары да қабылданған.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметке мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Біріншісі – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ел аумағында АСР үшін бірыңғай 2% мөлшерлеме енгізу жөніндегі өзгерістерді Салық кодексіне енгізу. Екіншісі – мәслихаттар 2025 жылы қабылдаған төмендетілген мөлшерлемелердің қолданысын 2027 жылға ұзарту.
Сондай-ақ депутаттар жаңа мәслихаттар құрылғаннан кейін мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдау мерзімін ұзартуды және қажет болған жағдайда оны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кері күшпен қолдануды ұсынды.
«Ақ жол» өкілдері шағын және орта бизнеске түсетін салық жүктемесінің өсуіне жол бермей, барлық қажетті шешімді жыл соңына дейін қабылдауды сұрады.
Бұдан бөлек, партия облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдеріне АСР мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету бойынша есептеулер мен шешім жобаларын әзірлеп, жаңа мәслихаттардың қарауына жедел енгізуді ұсынды.
Тағы да оқыңыз: Шағын және орта бизнестің үш ай төленбеген кредиті 47 пайызға артқан
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 қараша 2026