Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұл өмірден өтті
Ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұл 96 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарлы ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы жеткізді.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұжымы академик Оразақ Смағұловтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтады. Ұлт тарихының ақтаңдақтарын ғылыми тұрғыдан зерделеуге ғұмырын арнаған ғалымның есімі мен бай ғылыми мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Иманы саламат, топырағы торқа болсын», – деп жазды ол жеке парақшасында.
Оразақ Смағұлұлы 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген. Ол ғылыми зерттеулерінің басым бөлігін қазақ халқының шығу тегі, антропологиялық қалыптасуы мен этникалық тарихын зерттеуге арнады.
1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Этнология және антропология институтына аспирантураға түсті. 1965 жылы қазақ халқының сыртқы келбеті мен көне және қазіргі бас сүйектерінің ерекшеліктеріне арналған кандидаттық диссертациясын қорғады.
Ғалымның 1970 жылы жарық көрген «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» атты еңбегінде қола дәуірінен бастап Қазақстан жерін мекендеген халықтардың антропологиялық ерекшеліктері зерттелген. Ол көне дәуірдегі адамдардың сүйек қалдықтарын қазіргі қазақтардың антропологиялық белгілерімен салыстырған.
1977 жылы жарық көрген «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегі кеңестік идеологияның қатаң цензурасына тап болған. Зерттеуші Зиябек Қабылдиновтың мәліметінше, кітап партия басшылығының бұйрығымен өртеліп, ғалым 15 жыл бойы арнайы қызметтердің бақылауында болған.
Оразақ Смағұлұлы 30-дан астам ғылыми экспедиция ұйымдастырып, Үндістан, Моңғолия, Италия және басқа елдермен бірлескен зерттеулерге қатысқан. Ғалымның ғылыми еңбектерінде қазақ халқының қалыптасуы мен тарихи тамырына қатысты маңызды деректер қамтылған. Оның жетекшілігімен төрт ғылым докторы мен үш ғылым кандидаты даярланды.
Өмірінің соңына дейін ғалым жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымын әзірлеуге атсалысты. Ол басылымның авторларының бірі әрі бас редакциялық алқа мүшесі болды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қараша 2026